14.11.2022, 13:57 11216

Үкімет мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидаларын бекітті

Қағидаларды іске асыру азаматтардың мемлекеттік қызметтерге, оның ішінде цифрлық қызметтерге қанағаттануын арттыруы тиіс.
Астана. 14 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов "Мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау қағидаларын бекіту туралы" ҚР Үкіметінің қаулысына қол қойды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
 
Құжатқа сәйкес, мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялаудың функционалдық құрылымына мыналар кіреді: Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасында цифрландыруды іске асыру жөніндегі комиссия; Цифрлық үкімет офисі; уәкілетті орган; мемлекеттік органдар.
 
Комиссия Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады, оның негізгі міндеттері Қазақстан Республикасында цифрландыру және инновациялық технологиялар мәселелеріне қатысты ұсыныстар әзірлеу, мониторинг жүргізу және оларды іске асыру болып табылады. Комиссияның жұмыс істеу тәртібі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген оның ережесінде айқындалады.
 
Офис өз функцияларын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен бекітілген ережеге, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.
 
Уәкілетті орган офистің жұмыс органы болып табылады және мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялауды салааралық үйлестіруді жүзеге асырады, сондай-ақ:
 
1) цифрлық трансформациялау стратегиясының жобаларын қарайды және оларды келісу туралы шешім қабылдайды;
 
2) цифрлық трансформациялау жол картасының іске асырылуына, оның ішінде оны жүргізу қорытындылары бойынша мониторингті жүзеге асырады;
 
3) мониторинг жүргізу қорытындысы бойынша қажетіне қарай, бірақ тоқсанына бір реттен сиретпей офистің отырысына цифрлық трансформациялаудың іске асырылу барысы және офистің шешімін талап ететін мәселелер туралы ақпарат енгізеді;
 
4) цифрлық үкіметті қолдау орталығын тарта отырып, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын олардың цифрлық трансформациялаудың стратегиялық бағыттарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды;
 
5) мемлекеттік органдардың цифрлық трансформациялау іс-шараларының жоспарын іске асыру нәтижелерін бағалауды ұйымдастырады.
 
Мемлекеттік органдар:
 
1) мемлекеттік органдар басшыларының цифрландыру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары қатарынан цифрлық трансформациялаудың жол карталарын әзірлеуге және іске асыруға жауапты тұлғаларды айқындайды;
 
2) бірінші басшының бұйрығымен мемлекеттік орган жанынан цифрлық трансформациялау офисін құрады, сондай-ақ оның құрамы мен ережесін бекітеді;
 
3) осы Қағидаларға сәйкес цифрлық трансформациялаудың жол карталарын әзірлеуді, келісуді, бекітуді және іске асыруды жүзеге асырады;
 
4) цифрлық трансформациялаудың жол карталарының жобаларын уәкілетті органға келісуге жібереді;
 
5) міндеттерді бөлу туралы бұйрықтарға сәйкес жетекшілік ететін саладағы деректерді басқаруға стратегиялық бағыттарға және деректерді басқару саясатын айқындауға жауапты бас офицердің функцияларын мемлекеттік органдар басшыларының орынбасарларына жүктейді;
 
6) реинжинирингті жүзеге асырады;
 
7) мемлекеттік органдағы құрылымдық бөлімшелер, ведомстволық бағынысты ұйымдар арасында функциялар мен өкілеттіктерді бөледі;
 
8) бизнес-процестердің электрондық тізілімін қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
 
9) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, деректерді басқару, "электрондық үкімет" архитектурасын дамыту, "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту, пайдалану, сатып алу, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтер саласындағы ұйымдастырушылық, техникалық, құқықтық талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.
 
Мемлекеттік органдарды цифрлық трансформациялау нәтижелілігінің көрсеткіштері мынадай өлшемшарттардың өлшенуін көздейді:
 
1) азаматтардың мемлекеттік, оның ішінде цифрлық көрсетілетін қызметтерге қанағаттануын арттыру және мемлекетпен өзара іс-қимыл кезінде бизнес шығындарын азайту;
 
2) мемлекеттік басқарудың, экономика және әлеуметтік салалардың шығындарын төмендету;
 
3) мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру;
 
4) цифрлық трансформация есебінен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету;
 
5) ақпараттандыру объектілерінің сенімділік пен қауіпсіздік деңгейін арттыру, цифрлық егемендік.
 
Ережелердің толық мазмұнымен мына жерден танысуға болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны