Система Orphus

Үкімет отырысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізумен байланысты медициналық көмек көрсету бойынша жаңа тәсілдер енгізу мақұлданды

18.06.2019, 23:03 6616

Нұр-Сұлтан. 18 маусым. Kazakhstan Today - Бүгін Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы кезінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізумен байланысты медициналық көмек көрсету бойынша жаңа тәсілдер енгізу мақұлданды.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасы бойынша тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің (ТМККК) жаңа үлгісі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі медициналық көмек пакеті әзірленді. Олар 2020 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа енеді.

Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов тұрғындарды медициналық қамтамасыз етудің әзірленген үш деңгейлі жүйесі туралы баяндады.

Бұл жүйенің бірінші деңгейі ҚР-ның барлық азаматтарына, оралмандар мен тұрақты тұратын шетелдіктерге мемлекеттік бюджеттің есебінен ТМККК ұсынуды қамтамасыз етеді. Бұл пакет тегін медициналық көмектің тіркелген жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмектің жедел көмек, санитариялық авиация және шұғыл стационарлық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, әлеуметтік мәні бар аурулар мен негізгі созылмалы аурулар кезінде медициналық көмектің толық спектрі тәрізді түрлерін қамтиды.

Екінші деңгейі - сақтандырылған халық үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті, ол тегін медициналық көмекпен қоса, аурулардың кең спектрі бойынша консультациялық, диагностикалық, жоспарлы стационарлық көмек және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді, стационарды алмастыратын көмекті, оңалту және қалпына келтіру емін қамтитын болады.

Үшінші деңгейі - бұл ТМККК және МӘМС жүйесінің пакеттеріне кірмейтін медициналық қызметтер. Олар ақылы немесе ерікті медициналық сақтандыру есебінен ұсынылады.

"Медициналық көмек пакеттерінің жобаларын сарапшылар егжей-тегжейлі пысықтады, олар өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларымен, мүдделі мемлекеттік органдармен, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісілді, Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық кеңесінде қаралып, мақұлданды", - деді Е. Біртанов.

Медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдері туралы баяндай отырып, министр Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдер бекітілген медициналық-санитариялық алғашқы көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру жөніндегі 2019-2020 жылдарға арналған шаралар жоспарын іске асырып жатқанын айтты.

Қазіргі уақытта медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына бекітілген халықтың саны 18,7 млн адамды құрайды. Дегенмен, ақпараттық жүйелерде бекітілмеген 785 мың адам анықталды, бұл халықтың 4%-ын құрайды.

Жалпы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамту халықтың 94,5% деңгейінде болжанып отыр.

"Біздің болжам бойынша дербес төлеушілердің саны шамамен 1 млн адамды құрайды, оның ішінде 770 мың адам өзектілендірілмеген өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар", - деді Е. Біртанов.

Е. Біртанов ТМККК және МӘМС жүйесінің жаңа пакеттерін енгізу бірінші кезекте халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын атап айтты. Бүгін заңнамамен жекелеген медициналық қызметтерді алу үшін азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан осал 8 санаты анықталды, соның ішінде балалар, жүкті әйелдер, көпбалалы аналар, зейнеткерлер және басқалары бар. 2020 жылдан бастап МӘМС енгізу кезінде әлеуметтік тұрғыдан осал халықтың 15 санаты заңмен анықталған. Бұл адамдар (олардың саны шамамен 10,9 млн адамды құрайды) мемлекет тарапынан сақтандырылады.

Медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шеңберінде бірқатар қызметтердің қолжетімділігі кеңейеді: қымбат тұратын диагностикалық қызметтер - олар бойынша қаржыландыру 3 есе өседі, стоматологиялық қызметтер - оларды қаржыландыру 2,3 есе ұлғаяды.

2020 жылдан бастап МӘМС жүйесін уақтылы енгізуді қамтамасыз ету үшін 1 қыркүйекке дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданатын болады. 1 қазанға дейін ҚР ДСМ базалық ақпараттық жүйелерін мемлекеттік органдардың, медициналық қызметтерді жеткізушілердің ақпараттық жүйелерімен интеграциялау, медициналық қызметтерді жеткізушілерді таңдауды автоматтандыру жүргізіледі. 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін МӘМС жүйесінде жұмыс істеуге дайындай отырып, медициналық қызметтерді көрсетушілермен 2020 жылға келісімшарттар жасалады.

Медициналық сақтандыру жүйесін толыққанды енгізуге дайындау үшін 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп медициналық сақтандыру жүйесін пилоттық енгізу көзделуде. Пилот шеңберінде медициналық сақтандыру пакетінен кейбір қызметтерді ұсыну, сақтандырылған адамдардың мәртебесін сәйкестендіру, қаржы қаражатын бөлек есепке алу тестіден өтетін болады.

"Жалпы алғанда, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге үлкен дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр: нормативтік база қалыптасты, ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, денсаулық сақтау саласын автоматтандыру, жарақтандыру және цифрландыру мәселелері шешілуде. Екі пакеттің қаржылық қамтамасыз етілуін қоса алғанда, халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттырудың тиімді әсері күтілуде. Жалпы, медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық деңгейінің жоғары дәрежесі мен медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдері туралы айтуға болады", - деді Е. Біртанов.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге дайындық мәселелері жөнінде Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов, Алматы облысының әкімі А. Баталов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов сөз сөйледі.

Өз кезегінде, міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің үздіксіз жұмысы үшін жыл соңына дейін бірқатар іс-шараны өткізу керектігі де атап өтілді.

Биылғы 1 қыркүйекке дейін барлық қажетті нормативтік актілер кепілдік берілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі медициналық көмек пакетінің жаңа тәсілдеріне сәйкестендіріледі. Бұдан өзге, биылғы 1 қазанға дейін мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелерін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен интеграциялау жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ, бүгінде актуарлық есептер негізінде түрлі сценарийлер бойынша 2050 жылға дейін қаржылық тұрақтылықты бағалау жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, екінші жарты жылдықта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жалғасады.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны