23.12.2008, 16:46 3248

Киото хаттамасын ратификациялау Қазақстанға энергетикалық секторға қосымша инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді - ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі

Киото хаттамасын ратификациялау Қазақстанға энергетикалық секторға қосымша инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді - ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі

Астана. 23 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін"- Киото хаттамасын ратификациялау Қазақстанға энергетикалық секторға қосымша инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін мәжілістің экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің отырысында "Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын ратификациялау туралы" заң жобасы талқыға салу барысында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Илжан Бірәлиев мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Мәжілістің баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәжілістің аталған салалық комитетінің төрағасы Ерлан Нығматулин өз сөзінде заң жобасының маңыздылығы жөнінде айтып өтті.

ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Илжан Бірәлиев осы заң жобасының мақсаты жөнінде баяндама жасады.

Қазақстан 1995 жылғы мамырдың 4-інде Рио-де-Жанейрода (Бразилия) 1992 жылғы маусымның 11-інде қол қойылған Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын ратификациялады.

Оны тиімді іске асыру мақсатында қатысушы елдер 1997 жылғы желтоқсанның 11-інде Киотода (Жапония) Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасын қабылдады.

Қазақстанның нарықтық экономикаға көшуді жүзеге асыратын және климаттық келіссөздерге белсенді қатысушы ел ретінде, дәл осындай шарттарда келіссөздер жүргізуге мүмкіндігі бар.

Казақстанның энергия үнемдеу жөнінде жоғары әлеуеті бар. Энергетикалық секторда СО2-эквиваленті эмиссияларын қысқарту энергетиканың дәстүрлі салаларын жаңғырту есебінен де, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, сондай-ақ энергия үнемдеуші және таза технологияларды пайдалану есебінен де алу болжанады.

Баяндамашының айтуынша, Киото хаттамасын ратификациялау елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, энергетикалық секторға инвестицияларды тарту, ел экономикасында ашықтық жағдайларын жасау қажеттілігі туралы мемлекет басшысының тапсырмаларын толық көлемде шешуге мүмкіндік береді. Табиғи ресурстарды басқарудың нарықтық тетіктерінің инновациялық сипатын ескере отырып, экономиканың нақты секторына ғылыми-техникалық әзірлемелерді жылжыту және дамыту үшін жағдайлар жасалатын болады. Қазақстанның әлемдік көміртекті нарыққа қосылуы қор нарығының дамуына көмектеседі.

Аталған заң жобасы бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінен оң сараптамалық қорытындылар алынды. Киото хаттамасының экономикалық тетіктерін енгізуден қазақстандық бизнес жаңа мәртебеге ие болады. Яғни, Киото хаттамасының барлық тетіктерінің, оның ішінде парниктік газдар шығарындыларын саудалаудың да, толыққанды және тең құқылы қатысушысы болады.

Киото хаттамасын ратификациялау көміртекті бірліктердің ұлттық тізілімін құруға, бірігіп жүзеге асыру жобаларын жүргізу, қарау, тіркеу және мақұлдау тәртібін әзірлеуге, уәкілетті органды анықтауға және оған тиісті функцияларды беруге қатысты заңнамалық және заңға тәуелді актілерге өзгерістер енгізуді талап етеді.

Баяндамашы депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Комитет мүшелері заң жобасы бойынша өз пікірлерін білдірді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны