30.04.2010, 15:19 13431

Қызылорда әкімінің бұрынғы орынбасары бюджет қаражатын ұрлады деген айыппен қамауға алынды

Қызылорда әкімінің бұрынғы орынбасары бюджет қаражатын ұрлады деген айыппен қамауға алынды

Астана. 30 сәуір. Kazakhstan Today - Қызылорда қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары жылу желілерін күрделу жөндеу бойынша бюджет қаражатын ұрлады деген айыппен қамауға алынды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай кеше өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

М.Жұманбайдың айтуынша, "тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу және қайта құру бойынша мемлекеттік сатып алулар саласында қылмыстылық деңгейі жоғары болып отыр".

Мәселен, оның ақпаратына сәйкес, "Қызылорда облысында Қызылорда қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары қамауға алынды. Оған Қызылорда қаласының жылу желілерін күрделу жөндеу бойынша атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою арқылы 31 млн теңге бюджет қаражатын ұрлады деген айып тағылған".

"Атырау облысында айыппұл төлеуге Атырау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы С. Тұрдалиев сотталды. Ол салақтық жасап, "Барракуда" ЖШС директоры Хайруллин ұсынған жалған актілерге қол қойған. Нәтижесінде Хайруллин 20 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған. Ол 6 жыл бас бостандығынан айыруға сотталды",- деді ресми өкіл.

Оның ақпаратына сәйкес, транспорт және коммуникация саласындағы құрылыс бойынша мемлекеттік сатып алулардағы заңдылықты бұзу фактілері бойынша 23 қылмыстық іс қозғалған.

Ал, ресми өкілдің ақпаратына сәйкес, Қостанай облысында Автомобиль жолдары комитетінің бастығы А. Демеев қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Ол республикалық маңызы бар "Қарабұтақ-Комсомольское-Денисовка-Рудный-Қостанай" жолын күрделі жөндеу бойынша атқарылған жұмыстардың жалған құжаттарына қол қойған, бұл "Қостанай жолдары" ЖШС-не мемлекеттік бюджеттен 32,7 млн теңгенің негізсіз аударылуына алып келді.

"Алматы қаласында Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары департаментінің бөлім бастығы сот үкімімен Б. Дадамурзаев айыппұл төледі. Ол Алматының екі шағын ауданындағы жолдардың құрылысы жөніндегі келісім-шартқа қол қойған. Шын мәнінде ол жерде тек орташа жөндеу қажет болған. Мемлекетке келтірілген залал 19 млн теңгені құрады",- деді М.Жұманбай.

Агентітк ақпаратына сәйкес, Батыс-Қазақстан облысында айыппұл төлеуге Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары департаментінің бұрынғы директоры Имашев сотталды. Ол "Анқаты-Сарыөмір" жолын күрделі жөндеу бойынша мердігерге шын мәнінде жасалмаған жұмыстар үшін бюджет қаражатын аударуға заңсыз нұсқау беріп, мемлекетке 66,5 млн теңге залал келтірген.

"Құрылыс саласынан бөлек, мемлекеттік сатып алулар туралы заңнама мемлекеттік органдар мен мекемелердің жұмысына қажетті тауар-материалдық құндылықтарды сатып алу кезінде де бұзылады",- деді агенттік өкілі.

Оның айтуынша, "Павлодар облысында 5 жылға бас бостандығынан шартты айыруға "Ертіс ырыс" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Е. Шатпаев сотталды. Ол арнайы техниканың толық көлемде жеткізілмегендігін нақты біле тұра, "Авиаторг КЗ" ЖШС-нің шотына сатып алулардың барлық сомасын аударған. Мемлекетке келтірілген залал 73,5 млн теңгені құрады".

"Оңтүстік-Қазақстан облысында Иділет департаментінің бұрынғы бастығына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Оған нақты құны 19,8 млн теңгенің компьютерлік техникасын 25 млн теңгеге сатып алды деген айып тағылып отыр",-деді ол.

Қаржы полициясы органдары тергеген бірқатар істер мәдениет саласының белгілі деңгейде жемқорлыққа бейім екендігін көрсетті.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, "Оңтүстік-Қазақстан облысында 1 жыл бас бостандығынан шартты айыруға Ордабасы ауданының мәдениет үйінің бұрынғы директоры Б. Қалыбеков сотталды. Ол мәдениет үйін күрделі жөндеу бойынша құны 45,5 млн теңгенің жұмыс актілеріне заңсыз қол қойған. Шын мәнінде жұмыс 31 млн теңгеге ғана атқарылған. Залал толық көлемде өтелді".

"Атырау облысында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Б. Камиев қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Ол Драма театр үшін музыкалық құрал-жабдықтарды сатып алу бойынша конкурсты өткізу кезінде осы салада маманданған және бағалары да қанағаттанарлықтай сатушыларды конкурстың талаптарына сай емес деп танып, бағасы жоғары құрылыс ұйымынның пайдасына негізсіз таңдау жасаған. Мемлекетке 6,7 млн теңге залал келтірілген",- деп хабарлайды қаржы полициясы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны