24.09.2009, 17:48 3066

Көктемгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге арналған субсидияны заңсыз беруден мемлекетке келген шығын көлемі 440 млн теңгеден асады - Бас прокуратура

Көктемгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге арналған субсидияны заңсыз беруден мемлекетке келген шығын көлемі 440 млн теңгеден асады - Бас прокуратура

Астана. 24 қыркүйек. Kazakhstan Today - Көктемгі жиын-терім жұмыстарын жүргізуге арналған субсидияны заңсыз беруден мемлекетке келген шығын көлемі 440 млн теңгеден асады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"Бас прокуратура ауыл шарушылығы тауарын өндірушілердің 2009 жылдың көктемгі далалық және жиын-терім жұмыстарын жүргізуге арналған мемлекеттік субсидияны бөлісуінің және пайдалануының заңдылығы мәселелері бойынша тексеруін аяқтады",- деді ресми өкіл.

Н.Сүйіндіковтың айтуынша, тексеру барысында егістік туралы жалған актілер жасау арқылы мемлекет қаржысын талан-таражға салу фактілері анықталды, соның зардабынан мемлекетке миллиондаған теңге залал келтірілген.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданында дәнді дақылдар егістігі алаңы 1 067 гектарға артық көрсетіліп, соның салдарынан мемлекетке заңсыз төленген субсидия түрінде 1,7 миллион теңгеден астам залал келтірілген.

Бұл факті бойынша материалдар қылмыстық іс қозғау үшін қаржы полициясы органына жолданды.

Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы "Ержанова" шаруа қожалығына көкөніс-бақша дақылдары егісінің қабылданғаны туралы акті негізінде 252 000 теңге көлемінде субсидия берілген. Онда іс жүзінде ештеңе де егілмегенін бүгінде текесеріс көрсетіп берді, сөйтіп шарушылық басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалды, ал шенеуніктердің жауапкершілігі мәселесі жүргізіліп жатқан тергеу барысында шешіледі.

Егіс алаңдарын қабылдау актілерінің растығына жүргізілген қарсы тергеу іс жүзінде егіс егілмеген барлығы 4 мың гектардай жер көлемін анықтады, оларға заңсыз төленген субсидия сомасы 8 млн теңгеге жуық.

Егілген дақылдардың түрін қабылдау актісінде оны жоғары төлем төленетін түріне ауыстырып көрсету мемлекет қаржысын талан-таражға салудың бір әдісіне айналған.

Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданында "Содружество-2" серіктестігі егістігін қабылдау актісінде №3 егістіктің 257 га алаңына әр гектарына 4 790 теңгеден субсидиядан төленетін рапс егілген деп көрсетілген, ал іс жүзінде мұнда әр гектарына 450 теңге көлемінде жәрдемақы төленетін бидай егілген болып шықты. Сөйтіп, аталмыш серіктестікке төленетін жәрдемақы көлемі заңсыз 10 еседей арттырылған. "Содружество - 2" ЖШС-не барлығы 3 миллиондай соманың жәрдемақысы заңсыз төленген. Бұл факті бойынша бүгінгі күні қылмыстық іс қозғау туралы мәселе қарастырылуда.

Сондай-ақ тексеріс ауыл шаруашылығына арналған жер иелері өздерінің жалға берген жер телімдері бойынша заңсыз субсидия алған фактілерді де анықтады.

Мәселен, Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы "Мәмед" шаруа қожалығы 31 гектар жалгерлер еккен көкөніс дақылдары егісі үшін 279 000 теңге көлемінде заңсыз субсидия алған.

Дәл осыған ұқсас "Шалов" және "Жұмабек" шаруа қожалықтары да жалға берілген жер телімдеріне тиісінше 320 500 және 180 000 көлемінде заңсыз жәрдемақы алған.

Тексеру барысында мемлекеттік қызметкерлерінің кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысқан фактілер де анықталды.

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы ауданындағы субсидия алған "Өнеге" шаруа қожалығының басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігі аумақтық органының өсімдіктер карантині жөніндегі инспекторы қызметін атқаратын адам болып шықты.

Жалпы тексеріс нәтижелері бойынша 9 қылмыстық іс қозғалып, 30-ға жуық матерал процессуалдық шешім қабылдау үшін қаржы полициясына жолданды, 53 наразылық енгізіліп, заң бұзушылықтарды жою туралы 134 ұсыным берілді, оларды қарау нәтижесінде 39 лауазымды адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны