23.07.2008, 09:59 1279

Көліктік бақылау комитеті теміржолдағы қауіпсіздікті арттыруға нақты ықпал етіп отырған жоқ - ҚР Бас прокуратурасы

Көліктік бақылау комитеті теміржолдағы қауіпсіздікті арттыруға нақты ықпал етіп отырған жоқ - ҚР Бас прокуратурасы

Астана. 23 шілде. "Қазақстан Бүгін" - ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті барлық магистральды теміржол желісіндегі қозғалыс қауіпсіздігінің жағдайын жақсартуға шын мәнінде ықпал етіп отырған жоқ. Бұл туралы Астанада өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлімдеді, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Оның айтуынша, Бас прокуратура 2007 жыл мен 2008 жылдың өткен мерзімі арасындағы Көлік және коммуникация министрлігінің және "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының қызметтерінен темір жол көліктеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін реттейтін заңды орындау деңгейіне тексеру жүргізген. Тексеру барысында көптеген заң бұзушылықтар анықталды.

"Қозғалыс қауіпсіздігінің талаптарын орындауға бақылау жасау өкілеттігі берілген Көлік және коммуникация министрлігінің Көліктік бақылау комитеті барлық магистральды темір жол желісінде қозғалыс қауіпсіздігінің жағдайын жақсартуға іс жүзінде ықпал етіп отырған жоқ", - деп мәлімдеді С. Нұрпейісов.

Оның айтуынша, сонымен қатар, магистральдық желіні қауіпсіз ұстап тұру және пайдалануды қамтамасыз ету мәселелері бойынша "Қазақстан темір жолының" қызметі толығымен бақылаусыз қалдырылған. Өйткені, 2007-2008 жылдары Ұлттық компанияның қозғалыс қауіпсіздігі қызметін Министрлік те, көліктік бақылау комитеті де тексермеген.

Оның үстіне, комитет және оның аумақтық органдары "Магистральды, станциялық жолдарда қозғалыс қауіпсіздігінің талаптарын орындауға ай сайынғы тексеру жүргізу және подъездік жолдарда тоқсан сайын тексеру жүргізу туралы" ереже талаптарын тиісті деңгейінде орындамайды, деп атап көрсетті Бас прокуратураның өкілі.

"Комитет темір жолдағы қозғалыс қауіпсіздігінің бұзылған оқиғаларын дұрыс тіркеп отырған жоқ", - деді ол.

"Көліктік бақылау комитетінің тіркеу мәліметтеріне және республиканың темір жол желісіндегі қозғалыс қауіпсіздігінің 2007 жылғы жағдайына жасалған талдауға сәйкес қауіпсіздіктің 638 бұзылу оқиғасы тіркелген. Оның 194-і жұмыстағы ақау, оның 34-і ерекше жағдай болған. Бірақ тексеру көрсеткендей, 38 ақау, оның ішінде біреуі ерекше жағдай еш тіркеусіз және ескерусіз қалған", - деп түсіндірді С. Нұрпейісов.

Сонымен қатар, оның мәліметтеріне сүйенсек, 2008 жылдың 4 айында 18 ақау оқиғасы тіркелмеген. Оның ішінде 1 апат және 2 жұмыстағы ақаудың ерекше жағдайы бар. Мұнымен қоймай, темір жол көлігінде қозғалыс қауіпсіздігін бұзудың ауыр жағдайларын жасыру оқиғалары анықталған, деп атап көрсетті С. Нұрпейісов.

Атап айтқанда, 2008 жылы қаңтардың 12-де 2908 пойызы Шоқпар - Ала айғыр (Шу - Отар бөлімі) аялдамаларының аралығының 3821 шақырымында кетіп бара жатқанда құрам рельстерден шығып кеткен. Осының салдарынан 21 вагон зақымдалған. Оның жетеуі қалпына келтірудің мүмкін еместігіне байланысты инвентарлық парктен шығарылған. Шығын құны 11,5 млн теңгені құраған. "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ президентінің бұйрығымен бұл оқиға пойыздың күйреуі деп жіктелсе де, 2007 жылдың 21 қыркүйегіндегі Қауіпсіздік ережелерінің талаптарын бұза отырып аталмыш оқиға негізсіз қайта жіктеліп, апат ретінде тіркеліп кете барған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны