14.02.2007, 15:47 3231

Конституциялық кеңес адвокатура мәселері бойынша заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулерді Ата заңға сай келмейді деп таныды (толықтырылған нұсқа)

АСТАНА. 14-ақпан. Kazakhstan Today. Конституциялық кеңес 2006-жылдың 30-қарашасында парламент қабылдап, 2006-жылдың 7-желтоқсанында президенттің қол қоюына ұсынылған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын Ата заңға сай келмейді деп таныды. Конституциялық кеңестің осы жөніндегі қаулысын бүгін кеңес төрағасы Игорь Рогов мәжілістің жалпы отырысында оқып берді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Парламентте қабылданған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы Ата заңға сай келмейді деп тануды Конституциялық кеңес қаулы етеді. Бұл заңға президент қол қоюға және ол күшіне енуге тиіс емес. Конституциялық кеңестің қаулысы қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және ел аумағында жаппай орындалуға тиіс, бұл қаулыға қарсы шағымдануға болмайды", деп мәлімдеді И.Рогов.

Оның айтуынша, Конституциялық кеңес ел үкімет басшысының өткен жылғы 29-желтоқсандағы өтініші бойынша аталмыш заңның Конституцияға сәйкестігін қарауға кіріскен.

"Үкімет басшысы депутаттар енгізген түзету бойынша Қазақстанда коммерциялық емес ұйым ретінде адвокаттар одағын құру, оған адвокаттар коллегияларын міндетті түрде мүшелікке қабылдау, сонымен біруақытта осындай функциясы бар басқа да құрылымдарды құруға тыйым салу туралы ережелердің Конституцияға сәйкестігі туралы сауал тастады", деді И.Рогов Конституциялық кеңестің отырысынан кейін өткен брифингте үкімет басшысының сұрағы туралы берген түсініктемесінде.

Конституциялық кеңес төрағасының түсініктемесіне сәйкес, қазір республикамызда "адвокаттарды ерікті түрде мүшелікке қабылдайтын қоғамдық бірлестік түрінде адвокаттар одағы жұмыс істейді". "Ал енді тағы да осы атаумен мүлдем басқаша құрылым құру ұсынылып отыр", деді ол.

"Конституциялық кеңестің пайымдауынша, бір атаумен қоғамдық бірлестік бар кезде осындай атаумен мүлдем басқаша субьект құрып, оған адвокаттар коллегияларын міндетті түрде мүшелікке қабылдау және осындай бірлестіктер құруға тыйым салу шын мәнінде азаматтардың конституциялық құқығына қайшы, бұл жағдайда адвокаттардың құқығы бұзылады", деді кеңес төрағасы.

Заңды толық тексеріп шыққан Конституциялық кеңес Ата заңды бұзуға қатысты тағы да бірқатар жайттарды анықтады. Роговтың бағалауынша, мұндай нормаға лицензиясы бар адвокат "адвокаттар коллегиясына тек салық төлеуші ретінде тіркелген жерінде ғана мүшелікке қабылданады" деген норма да жатады.

"Салық кодексіне сәйкес, салық тіркеуі тұрғылықты жеріне байланысты болғандықтан, кеңес бұл жерден адамның тұрғылықты жерін еркін таңдау және еркін еңбек ету құқығын бұзу оқиғасын көріп отыр", деді кеңес төрағасы.

Сонымен бірге, Конституциялық кеңестің мүшесі Николай Белоруковтың айтуынша, заңда орыс және қазақ тіліндегі редакциялардың айырмашылығы анықталған. Мәселен, 27-ші бапта жаңадан құрылатын адвокаттардың өзін-өзі басқару органының мәртебесі әр түрлі айқындалған. "Егер орыс тіліндегі нұсқада Адвокаттар одағы - үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйым деп көрсетіліп, бұл одаққа заңды тұлғалар ретінде адвокаттар коллегиялары міндетті түрде мүшелікке өту принципіне негізделеді, олардың бәрі де адвокаттар одағына міндетті түрде мүше болуға тиіс делінсе, қазақ тілінде былай деп жазылған: "Адвокаттар одағы адвокаттар коллегиясына міндетті түрде мүше болуға негізделген" деп жазылған", деді Н.Белоруков.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны