29.05.2008, 17:33 3189

Көптеген шетелдік компаниялар Қазақстан азаматтарының еңбек құқығын жиі және өрескел түрде бұзып келеді - Бас прокуратура

Көптеген шетелдік компаниялар Қазақстан азаматтарының еңбек құқығын жиі және өрескел түрде бұзып келеді - Бас прокуратура

Астана. 29 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Көптеген шетелдік компаниялар Қазақстан азаматтарының еңбек құқығын жиі және өрескел түрде бұзып келеді. Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов мәлімдеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Прокуратура органдары уәкілетті мемлекеттік органдардың және Кәсіподақтар федерациясының мамандарымен бірлесіп жергілікті атқарушы органдар мен шетел компанияларының 2007 және осы жылдың бірінші тоқсанындағы қызметіндегі еңбек және шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібі туралы заңдылықтың қолдануына тексеру жүргізді",- деді С.Нұрпейісов.

Ресми өкілдің айтуынша, "Конституциядағы көрсетілген түрлі кемсітушіліктерге салған тыйымдарға қарамастан көптеген шетелдік компаниялар қазақстан азаматтарының еңбек құқығын жиі және өрескел түрде бұзып келеді". "Көбінесе олардың еңбек қаупсіздігінің жағдайына, демалыс пен тамақтануына, еңбек ақысын төлеу мен ұжымдық келісімшарт еркіндігіне қатысты құқықтары аяқ асты болып келеді",- деді ол.

"Аталған заң бұзушылықтардың көбі Қытай капиталы қатысатын мұнайгаз және құрылыс компанияларында байқалып отыр",- деді С.Нұрпейісов.

Бас прокуратураның мәліметінше, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында орналасқан "ККБК Великая Стена" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, "ДО КНИСГ" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және "СНПС Ай Дан Мұнай" акционерлік қоғамдарында қытайлық жұмысшылар қазіргі уақытқа сай жабдықталған жайлы асханаларда тегін тамақтандырылады, олар теледидары, бөлек жуынатын кабинкалары, әжетханасы, оған қоса таза су құйылған диспенсері бар жеке-жеке бөлмелермен қамтамасыз етілген, ал жергілікті жұмысшылар ақылы тамақтанып, демалу үшін ешбір жағдайы жоқ 4-6 адамға арналған алаңы 6-8 шаршы метр ғана бөлмелерде тұрады.

"Біздің азаматтарымызға еңбек ақыны төлеу және демалыс берілген кезіндегі кемсітушіліктерді атап айтқан жөн",- деді ресми өкіл.

Оның айтуынша, мысалы, тағы да қытайлық "Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз" акционерлік қоғамында өзіміздің инженерлеріміздің орташа жалақылары 170 мың теңгені құраса, қытайлық инженерлердің еңбек ақылары бұдан 10 есе жоғары, яғни 2 млн. теңгені құрайды! Оның үстіне, қытай азаматтарына ай сайын 600 ден 800 мың теңгеге жуық сыйақы беріледі.

"Қазақстан азаматтарының өз Отанында тұрса да жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдардың немқұрайдылығының кесірінен осындай кемсітушіліктерге ұшырап отырғанын прокурорлық тексеру анық көрсетіп берді",- деді ресми өкіл.

Мұндай жағдайлар еліміздің тек батыс аймақтарында ғана емес, Алматы қаласы мен Алматы облысында да кездеседі.

Қазақстандықтарды кемсіту деректері корея, америкалық, ағылшын, түрік және итальян капиталдары қатысатын жеке кәсіпорындарда да кездеседі, деді ол.

Мысалы, Астана қаласындағы "Dongil High Vill CO. Ltd" (Хайвилл) корей фирмасының филиалында бухгалтердің еңбек ақысы 147 теңгені құраса, шетелдік дәл сондай маман 800 мыңнан 1 млн 100 мың теңгеге дейін алады.

Мұндай жағдай "Би Джей Сервис" американдық компанияның филиалында да (Батыс Қазақстан облысы) анықталды. Онда жұмыс істейтін еліміздің инженерлерінің еңбек ақысы 180 мың теңге. Ал шетелдік инженерлердің еңбек ақысы бұдан 3,5 есе жоғары алады. Оған қоса оларға күніне 12 мың теңге бонус беріледі. Яғни, ай сайын америка азаматтары 1 млн теңгедей, долларға шаққанда 8 000 доллар еңбекақы алады.

"Ал Ресейлік компанияларының, осындай шетелдік инвесторлардың бірі бола тұра, қазақстандықтарға еңбек жағдайын өздерімен бірдей жасайтындықтарына риза боласыз, өз мамандары тек кәсіпорынның бірінші басшысы қажет болған кезде ғана тартылады",- деді С.Нұрпейісов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны