08.05.2007, 11:58 1346

Қорғаныс министрі қаза тапқан ұшқыштардың отбасыларына мемлекеттік сыйлықтар табыс етті

ҚАРАҒАНДЫ. 8-мамыр. Kazakhstan Today. Бүгін Қарағандыда республика қорғаныс министрі Даниал Ахметов қаза тапқан ұшқыштар Андрей Леонтьев пен Денис Федотовтың отбасыларына І дәрежелі "Айбын" ордендерін табыс етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Біз бұнда мемлекет басшысының тапсырмасымен келдік",- деді қорғаныс министрі қаза тапқандардың жесірлері - Наталья Федотова мен Салида Леонтьеваға сыйлықтарды табыс ету барысында. Ол опат болған әскери ұшқыштарды марапаттау туралы президенттің жарлығына кеше, 7-мамырда қол қойылғанын айта кетті.

Қаза тапқан ұшқыштардың отбасылары мемлекеттік сыйлықтармен қатар жаңа пәтерлерге де ие болды. Пәтер кілттерін қорғаныс министрі табыс етті. Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Д.Ахметов бұл пәтерлерлерді қайтарымсыз жекешелендіру туралы жарлыққа қол қойған.

"Бізге көмек қолын созған президентке үлкен алғыс айтамын. Бірінші кезекте бұл менің ұлдарым үшін айтулы марапат, соған қарап олар мықты азаматтар болып өсетіні анық",- деді С.Леонтьева.

Бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстанның қорғаныс министрлігіне тиесілі МИГ-31 әскери ұшағы 16-ақпан, жұмада Қарағандының маңайында жүргізілген жаттығу кезінде құлаған болатын. Екі әскери қызметкерден, 28 жастағы авиация эскадрильясы командирінің орынбасары Денис Федотов пен 32 жастағы штурман Андрей Леонтьевтен тұратын ұшақ экипажы қаза тапқан.

Болған жағдай мен апат салдарын тексеруші комиссияның алдын-ала жасаған мәліметтері бойынша, ұшақ пилотаждық -навигациялық жабдықтың істен шығуының салдарынан құлаған. Қорғаныс министрі Даниал Ахметов сол кезде Қарағанды маңында құлаған ұшақ ұшқыштарының іс- әрекеттерін ерлікке балады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны