28.04.2010, 15:21 3363

Қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы атқарушы билік органдарының жекелеген лауазымды тұлғаларына қатысты болған - қаржы полициясы

Қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы атқарушы билік органдарының жекелеген лауазымды тұлғаларына қатысты болған - қаржы полициясы

Астана. 28 сәуір. Kazakhstan Today - Қаржы полициясы 2009 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша 1,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметкерді қылмыстық жауапкершілікке тартты. Қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы атқарушы билік органдарының жекелеген лауазымды тұлғаларына қатысты болған. Бұл туралы бүгін "Нұр Отан" ХДП-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (Қаржы полициясы) төрағасы Қайрат Қожамжаров мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Қайрат Қожамжаров атап көрсеткендей, қозғалған қылмыстық істердің арасындағы ең ірілері атқарушы билік органдарының жекелеген лауазымды тұлғаларына, атап айтқанда, аудан әкімдері мен департаменттер басшыларына, сондай-ақ олардың орынбасарларына қатысты болған.

Бүгінгі күні республика бойынша мемлекеттік құрылымдарда 90 мыңға жуық мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. "Өткен жылы біз 1,5 мыңнан астам қызметкерді қылмыстық жауапкершілікке тарттық. Статистика жылдан-жылға шамамен 5-7 пайызға арта түсуде. Біз жұмысымызды қайта құрылымдап жатырмыз. Менің ойымша, біз бағдарымызды ірі лауазымды қызметте отырған және беделі жоғары тұлғалардың әрекеттерінің жолын кесіп, солармен күресуге бағыттауымыз керек", - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ол 26-сәуірде басталып үлгермеген "Таза сессия" республикалық акциясының аясында Қаржы полициясы органдарына жоғары оқу орындарынан 3-4 хабарлама келіп түскенін айтты.

Еске сала кетейік, "Таза сессия" дәстүрлі акциясын Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен "Нұр Отан" ХДП "Жас Отан" жастар қанаты мен Қаржы полициясы өткізуде.

Бүгін сондай-ақ, "Сенің жемқорлыққа қарсылығың өте маңызды" республикалық акциясы басталды.

"Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қазақстандықтарды акцияға белсенді қатысуға шақырды.

"Сенің жемқорлыққа қарсылығың өте маңызды" республикалық ақпараттық-насихат акциясы "Нұр Отан" ХДП мен ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесіп, осымен екінші жыл ұйымдастырылып отыр.

"Жемқорлықпен күрес мақсатында "Нұр Отанның" бастамасымен көптеген шаралар ұйымдастырылып, бүгінгі күні олар өз нәтижелерін беріп отыр. Жемқорлықпен күрес бір адамның не болмаса, бір мекеменің жұмысы емес, онымен қоғам болып күресуіміз керек. Сондықтан акция елдің барлық аймақтарында өтеді", деп атап өтті Н.Нығматулин баспасөз мәслихатында.

Н.Нығматулиннің айтуынша, былтырғы акцияға 100 мыңға жуық адам қатысып, оның барысында 3,5 мыңнан астам үндеу қаралған. Түскен үндеулердің 200-і бойынша қылмыстық істер қозғалды.

Акцияны өткізуге байланысты бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес, Қаржы полициясының төрағасы партияның Орталық аппаратындағы қоғамдық қабылдауларда азаматтарды жеке мәселелер бойынша қабылдайтын болады. Халықпен мұндай кездесулерді органның өңірлердегі бөлімшелер де жүзеге асырмақ. Сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестердің кеңейтілген отырыстары, кәсіпкерлермен кездесулер, жастардың пікірсайыстары мен әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастырылады. Жемқорлыққа қатысты ақпараттар, қаржы полициясы органдарының байланыс телефондары (144, 8 800 080 3000) жазылған кітапшалар таратылмақ. Акцияның басталғандығы және оған белсенді қатысу үндеулерін СМС арқылы ұялы телефон абонеттері де алатын болады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны