17.07.2007, 18:00 2386

ҚР Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасы Иділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің іс-қызметінен өрескел заң бұзушылықтарды анықтады

АСТАНА. 17-шілде. Kazakhstan Today. ҚР Бас прокуратурасы Қазақстан Республикасы Иділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің іс-қызметінен өрескел заң бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Осы жылдың маусымында жүргізілген тексеру қорытындысы бұл салаға бөлінген қаражаттың молайып, ал сотталушылардың азайғанына қарамастан Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жазаны қолдану кезінде жалпы заңдылық пен құқық тәртібінің қалыпты ахуалын қамтамасыз ете алмай отырғанын көрсетіп берді",- деді С.Нұрпейісов.

Оның айтуынша, "Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлерінің арасында қылмыстың едәуір өсуі байқалды". Мәселен, мекеменің ақпаратына сәйкес, егер 2005 және 2006 жылы сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тиісінше 13 және 17 қызметкер тартылса, осы жылдың бес айында ғана оларға қатысты 23 қылмыстық іс қозғалған.

"Сотталушыларға медициналық қызмет көрсетудің де жәй-күйін қанағаттанарлық деп айтуға болмайды",- деді ресми өкіл.

"Қажетті медициналық құрал-жабдықтардың 510 бірлігінен қолда тек 262-сі ғана бар болса, олардың 72 пайызының әбден тозығы жеткен", дедйі С.Нұрпейісов

"Иділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің аймақтық "Еңбек" республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының қызметіне қатысты мәселелерге де назар аудара кетуді жөн көріп отырмыз",- деді өкіл.

Алғашында 19 болған бұл кәсіпорындар сотталушыларды жұмысқа тарту мақсатында құрып, оларды түзеудің басты құралы ретінде танылды.

С.Нұрпейісовтың хабарлауынша, "Еңбек" республикалық мемлекеттік кәсіпорны бөлімшелерінің өздерінің бұл міндеттерін атқара алмай отырғандарын оларға жүргізілген прокурорлық тексерулер айқындап берді".

"Бұл күнде жұмысқа қабілеті бар 34 мың сотталушының 13 мыңының ғана жұмыспен қамтамасыз етіліп отырғаны осының айғағы", деді ол.

"Кәсіпорынның несиелік берешегі жылдан жылға өсіп, ол қазір бір миллиардтан теңгеден асып кеткен. Ал, дебиторлық берешегі жарты миллиардқа жуық теңгені құрайды".

Ал әлгі он тоғыз кәсіпорнының алтауы дәрменсіз борышкер санатында.

Екі кәсіпорынның - "Еңбек-Алмаз" және "Еңбек-Граниттің" жұмысы, С.үНұрпейісовтың айтуынша, біржола тоқтатылды.

"Еңбек-Астана" және "Еңбек-Кокшетау" республикалық мемлекеттік кәсіпорындары банкроттың сәл-ақ алдында",- деді ол.

Егер 2002 жылы сотталушыларды асырауға 6 миллиард теңге бөлінсе, 2007 жылы - 22 миллардқа жуық теңге бөлінген. Яғни үш есе жоғары. "Бұл ретте түрме тұрғындарының саны осы мезгіл ішінде - алпыс бес мыңнан қырық төрт мыңға дейін азайғанын айта кетелік", деді өкіл.

"Іс жүзінде барлық аймақтық республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда мемлекеттік сатып алу заңдылығы бұзылып отыр",- деді ол.

Мәселен, осы жылдың наурыз айында Қылмыстық-атқару жүйесінің комитеті төрағасының бұйрығымен "Еңбек-Көкшетау" республикалық мемлекеттік кәсіпорнын Ақмола облысының түзеу мекемесіне және тергеу изоляторына азық-түлік тағамының жеткізіп беруші болып белгіленді.

Мұнда жылына елу тоннадан астам сиыр еті тұтынылады.

Бұл кәсіпорынның түзеу мекемелерін қамтамасыз етуге жетерліктей мал басының жоқтығына қарамастан оған азық-түліктің барлық көлемін жеткізіп беру таңдауы түсіп отыр.

Бұл ретте жеткізіп берушінің түрлі төлемдерді төлей алатын, жойылуға жатпайтын, мүлігі қамауға алынбайтын, ал оның қаржылық-шаруашылығының қызметі тоқтатылмайтын болу керектігі есепке алынбаған.

Ал атқаруында болған бұл Республикалық мемлекеттік кәсіпорынға қатысты 2005 жылдан бастап 43 атқару өндіріс қозғалып, ол Көкшетау аймақтық учаскенің орындауына беріліп отырған.

Оның үстіне бұл кәсіпорнының банктердің біріндегі ақшалай қаражаты мен есеп айыру шотына тыйым салынды.

"Сондай-ақ, прокурорлық тексерулер "Еңбек-Семей" кәсіпорнының басшысы мен бухгалтері кәсіпорын қызметінен жеке пайда көру фактісін анықтады. Олар қызметкерлерінің құжаттарын қолданып, олардың қолдарын қойып, үш жыл бойы мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы болып танылған төрт жалған кәсіпорын құрған",- деді Бас прокуратура өкілі.

"Бұл факт бойынша жеті қылмыстық іс қозғалып, олар бір өндіріске біріктірілді",- деді С.Нұппейсов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны