06.02.2014, 22:03 8373

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алматы облысын аралап жүр

Денсаулық сақтау министрлігінде хабарлағандай, алдын алуға болатын ана және нәресте өлім-жітімінің болмауы, онкология және туберкулезді ерте кезеңде анықтау, сондай-ақ, науқастардан арыз-шағым болмаған жағдайда медициналық қызметкерлердің негізгі жалақысына қосымша ақы төленеді. 2013 жылы бұл мақсатқа 10 млрд теңге жұмсалса, ағымдағы жылы оның көлемі екі есеге ұлғайтылды.

Алматы. 6 ақпан. Kazakhstan today. Бүгін Талдықорғанда ҚР Денсаулық сақтау министрі С.З.Қайырбекованың төрағалығымен селекторлық режимде "Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді орындау жөнінде жұмыс кеңесі өтті.

Мемлекет басшысының Жолдауында денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдық - алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту екені атап көрсетілген. Осыған орай министр Салидат Қайырбекова Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі шеңберінде іске асырылатын қаржыландыру жүйесі медициналық қызметкерлер үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласында нәтижелі жұмыс істеуге жағдай жасап отырғанын атап көрсетті.

Денсаулық сақтау министрлігінде хабарлағандай, алдын алуға болатын ана және нәресте өлім-жітімінің болмауы, онкология және туберкулезді ерте кезеңде анықтау, сондай-ақ, науқастардан арыз-шағым болмаған жағдайда медициналық қызметкерлердің негізгі жалақысына қосымша ақы төленеді. 2013 жылы бұл мақсатқа 10 млрд теңге жұмсалса, ағымдағы жылы оның көлемі екі есеге ұлғайтылды.

Кездесуде халық арасында салауатты өмір салты және дұрыс тамақтану қағидалары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту жолдары талқыланды. Осы орайда министр Салидат Қайырбекова Мемлекет басшысының "Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам" атты бағдарламалық мақаласында айтылған "Өзінің жеке басының денсаулығын алдымен адамның өзі ойлауы керек. Егер денсаулықты ойлау әр отбасының шаруасы болса, онда мемлекет жүзеге асырып жатқан қадамдар әлдеқайда тиімді шығар еді" деген сөзін еске салды.

Министр халық денсаулығын сақтау саласында мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар, салаға бағытталған қаражат, оларды тиімді және ашық пайдалану жайына тоқталып өтті.

Міндетті медициналық сақтандыру үлгілері жөнінде қоғаммен талқылау мақсатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми веб-сайтында форум ашылды.

Министр мамандар жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өңірлерге жіберетін жас дәрігерлерге жағдай жасауға шақырды. "Мамандарды тұрақтандырып, сақтап қалу маңызды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және әкімдер арасында қол қойылған Меморандум шеңберінде жергілікті атқарушы органдар міндеттемелер алды. Жарты жылдан кейін медициналық университетерді аяқтап, өңірге келетін жас мамандармен қазірден танысу керек.Алматы облысында туып-өскен, өз облысында жұмыс істеуге дайын жоғарғы курс студенттерінің тізімін ЖОО әкімдіктерге жіберіп те қойды",-деді мекеме басшысы.

2013 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алматы облысына барлық 144 түлек жіберген. Олардың ішінде 23-не көтерме ақы (700 айлық есептік көрсеткіш көлемінде), 24 маманға баспана, 8 жас дәрігерге баспана алуға пайызсыз несие берілген.

"Кез-келген дәрігер үшін ауылда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау өте маңызды. Барлығымыз дерлік ауылдан шықтық қой",- деді министр емдеу мекемелерінің басшыларына қарата айтқан сөзінде.

Өңірдің медициналық қоғамымен кездесуде Салидат Қайырбекова болашақ түлектерді емдеу мекемелерімен, қондырғыларымен және технологияларымен таныстырудың маңыздылығына назар аударды. 2013 жылы медициналық ЖОО мен үздік клиникалар арасында қол қойылған меморандумдар аясында студенттер қазіргі таңда клиникаларда бар ең озық құрал-жабдықтармен жұмыс істеп, үйренетін болады. Және білім берудің жаңартылған стандарттарына сәйкес тәжірибелік сағаттар саны ұлғайтылатын болады.

Алматы облысына жұмыс сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова Талдықорған қаласында және Ескелді ауданында бірқатар медициналық ұйымдарды аралап, "Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" Жолдаудан туындайтын міндеттер жөнінде әңгімелеседі.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны