06.05.2016, 14:38 7157

ҚР ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшысы жоғары әскери атақтарды беру туралы Жарлыққа қол қойды

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерініӊ Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Жоғары әскери және арнайы атақтарды, сыныптық шендерді беру туралы" Жарлыққа қол қойды

Астана. 6 мамыр. Kazakhstan Today - Елбасы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерініӊ Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев "Жоғары әскери және арнайы атақтарды, сыныптық шендерді беру туралы" Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Нұрлан Секенұлы Орманбетовке авиация генерал-лейтенанты, Жандарбек Сәдуұлы Жанзақовқа вице-адмирал, Лут Сапуұлы Илшекеновке, Нұрлан Мұсақанұлы Қашағановқа генерал-майор, Айдын Ақанұлы Айымбетовке, Нұрлан Жанайдарұлы Кәрбеновке авиация генерал-майоры атақтары берілді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігініӊ баспасөз қызметі.

Одан басқа, бүгін ҚР Қорғаныс министрлігінде Иманғали Тасмағамбетов ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді ІІ дәрежелі "Айбын" ордені, "Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдарымен марапаттады, сондай-ақ армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтіӊ мүсінін табыстады.

"Еӊ алдымен Сіздерді тұтас еліміздіӊ айбынды мерекесі, ал сіз бен біз үшін кәсіби төл мейрам - Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Өздеріӊізге мәлім, Елбасы - Қарулы Күштердіӊ Жоғарғы Бас Қолбасшысы: "Біздіӊ Тәуелсіздігіміздіӊ тірегі - халықтыӊ игі істері, ал білегі - оныӊ Қарулы Күштері" деп бұл күнді қашанда ерекше атап, бөлекше бағалап жүреді.

Десе де бұл Елбасы мен еліміздіӊ тілегінен шыққан жай ғана қанатты қағида емес. Барша азаматтарымызға таӊылған табиғи талап. Мәртебелі де маӊызды міндет.

Бұл міндетті орындауда, әрине, еліміздіӊ әр аймағында, аспанымыздыӊ биігінде, теӊізіміздіӊ көгінде Жоғарғы Басқолбасшыныӊ үмітін ақтап, мемлекеттіӊ абыройын сақтап жүрген өздеріӊіз сияқты әскери адамдарымыздыӊ орны да, орайы да бөлек. Сондықтан да осында отырған өздеріӊіз бен қазір әскер сапында, Отан шебінде тұрған барша әскерилеріміздіӊ биыл міне ширек ғасырға ұласқан Тәуелсіздігіміздіӊ тұғырын бекітуге қосқан және әлі де қосатын үлесі зор.

Осы орайда, бүгін - Отан қорғаушы күніне орай Елбасымыз - Қарулы Күштердіӊ Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Ибішұлы Назарбаев ел алдындағы адал да абыройлы әскери қызметі үшін бір топ азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Үкімге қол қойған болатын. Өз кезегінде, меніӊ бұйрығыммен бірқатар әскерилерге әскери шендер беріліп отыр.

Міне, бүгін сол награда мен шен иелері - өздеріӊізбен ізін суытпай Елбасыныӊ тапсырмасын орындау ниетімен кездесіп отырмыз. Олай болса осынау тәуелсіз еліміздіӊ мемлекеттік наградалары төстеріӊізде жарқырап, иықтарыӊыздағы шендеріӊіз асқақтап жүре бергей. Баршаӊызды тағы да алда келе жатқан Отан қорғаушы және Ұлы Жеӊіс күндерімен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыӊызға бақыт пен береке тілеймін", - деп Қорғаныс министрі ыстық лебізін білдірді.

Мереке қарсаӊында қызметтік жұмыс қорытындысы бойынша анағұрлым ерекшеленген, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштері имиджініӊ нығаюына үлес қосқан офицерлер көтермеленді. Сонымен, ІІ дәрежелі "Айбын" орденін ИТК бас қолбасшысыныӊ (ТИЖ жөніндегі) орынбасары - ҚР ҚК ИТК БҚБ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімініӊ бастығы 1-дәрежелі капитан Серік Борамбаев, ҚР ҚК Оқ-дәрілер бас басқармасыныӊ бастығы Есенкелді Орманбек, Бас қолбасшыныӊ (қару-жарақ жөніндегі) орынбасары - ҚР ҚК ҚИ БҚБ Қару-жарақ бас басқармасыныӊ бастығы полковник Асылбек Сатыбалдинов.

"Жауынгерлік ерлігі үшін" медальдарын Искери-техникалық ынтымақтастық басқармасыныӊ бастығы - ҚР ҚМ ИТСД бастығыныӊ орынбасары полковник Ержан Айтақов, бөлім командирініӊ орынбасары - 83205 ә/б материалдық қамтамасыз ету бөлімініӊ бастығы подполковник Мүслім Байтұров, аға инженер - ҚР ҚК ИҚК ИИК ҚБ маӊдайшептік авиацияны пайдалану бөлімініӊ инспекторы подполковник Сергей Исаков және ҚР ҚК БШ СЖД ҚР ҚК дамыту басқармасыныӊ бастығы полковник Нұрлан Қожабеков иеленді.

Одан басқа, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтіӊ мүсінімен 10216 ә/б командирі полковник Талғат Ижібаев марапатталды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны