17.04.2007, 16:05 3059

ҚР қорғаныс министрлігі Аягөз гарнизонындағы әскерилердің тұрғын үй тауқыметін шешуді қолға алмақшы

ӨСКЕМЕН. 17-сәуір. Kazakhstan Today. ҚР қорғаныс министрлігі Шығыс Қазақстан облысының Аягөз гарнизонындағы әскерилердің тұрғын үй тауқыметін шешуді қолға алмақшы. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін республиканың қорғаныс министрі Даниал Ахметов Аягөз қаласындағы әскери гарнизонға жұмыс сапарымен келген кезде көтерді. "Қазіргі жағдаймен гарнизонның 700-ден астам әскерилері пәтер кезегінде тұр. Ал гарнизонның өзінде 11 жартылай қираған үй бос қаңырап тұр",- дейді баспасөз қызметі.

Министрдің бастамасын жергілікті атқарушы органдар қолдады. "Қорғаныс министрлігі осы 11 үйді пайдалануға бермекші. Мен бұл бастаманы қолдаймын",- деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Жәнібек Кәрібжанов. Оның пікірінше, бір үйді ипотеканың көмегімен қалпына келтіру үшін облыстық әкімшілікке беру керек.

Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Д.Ахметов №10810 әскери бөлімнің жағдайымен танысты. Онда гарнизонның механикаландырылған бригадасы орналасқан. "Ондағы әскери техниканың жай-күйімен танысқан министр техниканы жаңалау проблемасын айрықша атап өтті",- деп хабарлайды баспасөз қызметі. Қорғаныс министрі сонымен бірге келісім-шарт негізінде борышын өтеп жүрген әскерлердің асханасында және әскери казармаларда болды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны