12.12.2008, 17:37 2684

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бүгін Қоғамдық палатаға "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне БАҚ мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстырды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бүгін Қоғамдық палатаға "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне БАҚ мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын таныстырды

Астана. 12 желтоқсан. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетекшілігімен бүгін парламент мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы болды, деп хабарлайды агенттік тілшісі мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, күн тәртібінде бүгінгі күні қоғам назар тігіп отырған төрт заң жобасын талқылады. Олар - "Саяси партиялар туралы", "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" заңдарға енгізілетін толықтырулар, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары. Отырысты кіріспе сөз сөйлеп Қоғамдық палатаның төрағасы Сергей Дьяченко бастады.

Ол сөзінде "Аталған заң жобаларын қабылдау арқылы Қазақстан саяси дамудың жаңа да маңызды деңгейіне көтеріледі. Саяси модернизациялау мен демократиялық жүйені нығайту процесі ары қарай уақыт талабына сай жалғасын табады" ,- деп заң жобаларының маңызына тоқталды.

Отырыста ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Бағлан Майлыбаев "Саяси партиялар туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобалары бойынша баяндама, "Иділет" ҚДП-ның төрағасы Мақсұт Нәрікбаев "Саяси партиялар туралы" және "Сайлау туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәлімдеме жасады.

Сонымен қатар "Руханият" партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова "БАҚ туралы ұлттық заңнаманы жетілдіру", ҚР Иділет министрінің орынбасары Дулат Құсдәулетов аталған төрт заң жобасы туралы, Білім және ғылым министрлігінің Экономика институтының директоры, Қоғамдық Палатаның қаржы-экономикалық реформа және аймақтық даму секциясының жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбден "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері бойынша мәселелердің басым бағыттары" деген тақырыптарда баяндап берді.

Қоғамдық ұйымдардың жетекшілері М.Елеусізов, Ж.Қалиев, З.Федотова, С.Савченколар жарыссөзге шықты. Бұл талқылауға парламент мәжілісі жанындағы Қоғамдық палатаның мүшелері, президент әкімшілігінің, үкіметтің өкілдері, мәжіліс депутаттары және қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Жоғарыда аталған үкіметтік заң жобалар бойынша Қоғамдық палатаның отырысында қорытылған ұсыныстар мәжілістің салалық комитеттеріне жіберілетін болды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны