27.06.2016, 13:42 3635

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Ибдіқалықова Қазақстан Республикасы Президентініӊ бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары мен гранттарын тапсырды және алғыстарын жариялады

Мемлекеттік хатшы рәсім барысында сыйлық лауреаттары мен грант иегерлерін, Мемлекет басшысыныӊ алғысын алған шығармашылық ұжымдарды, сондай-ақ Қазақстанныӊ барша журналистер қауымын кәсіби мерекемен - Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады

Астана. 27 маусым. Kazakhstan Today - Мемлекеттік хатшы рәсім барысында сыйлық лауреаттары мен грант иегерлерін, Мемлекет басшысыныӊ алғысын алған шығармашылық ұжымдарды, сондай-ақ Қазақстанныӊ барша журналистер қауымын кәсіби мерекемен - Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

- Биыл республикамыз өз тәуелсіздігініӊ 25 жылдығын атап өтеді. Ширек ғасырда Қазақстан кемел азаматтық қоғамы бар қуатты да орнықты мемлекет ретінде қалыптасты. Бұл іске отандық бұқаралық ақпарат құралдары өлшеусіз үлес қосты. Олар мемлекет пен халық арасындағы ажырағысыз байланысты қамтамасыз ете отырып, республиканыӊ қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық даму үдерістерініӊ бәрін шынайы түрде жариялап-көрсетті, - деді Г.Ибдіқалықова. Бұл туралы Ақорданыӊ баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекеттік хатшы Елбасы бастамашы болған Бес институционалдық реформаны ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету олардыӊ табысты жүзеге асырылуыныӊ маӊызды шарты екенін де атап өтті.

- Отандық ақпарат кеӊістігін өрістету жөніндегі маӊызды шараныӊ бірі өз кәсіби деӊгейін ұдайы арттырып келе жатқан журналистер мен шығармашылық ұжымдарды ынталандыру болып табылады. Шеберлігін, талантын бүкіл қоғамныӊ игілі жолында барынша жарқыратып көрсеткен баспасөз өкілдерін Мемлекет басшысыныӊ арнаулы марапаттарымен атап өтеміз, - деді Г.Ибдіқалықова.

Мемлекет басшысыныӊ өкімімен Президент сыйлығы "Түркістан" газетініӊ бас редакторы Паттеев Шәмшиддин Ишенқожаұлына, "Казахстанская правда" республикалық газетініӊ саясат бөлімініӊ редакторы Курятов Владимир Геннадьевичке берілді.

Гранттар "Хабар" агенттігі" акционерлік қоғамыныӊ тілшісі Ибраймов Мұхтар Сейтқасымұлына, "Свобода слова" қоғамдық-саяси апталығыныӊ тілшісі Ляховская Вера Андреевнаға тапсырылды.

ҚР Президентініӊ алғыстары "Дойче Альгемайне Цайтунг" газеті, "Сыр медиа" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, "Қазақ радиосы" радиостанциясы және "РИКА-ТВ" телекомпаниясы шығармашылық ұжымдарына жарияланды.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны