26.03.2012, 14:39 3699

ҚР пезиденті пен Корея Республикасының президенті келіссөздер жүргізді

Бүгін "Чонг Ва Дэ" президент сарайында жұмыс бабындағы таңғы ас барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак келіссөздер жүргізді

Астана. 26-наурыз. Kazakhstan Today - Бүгін "Чонг Ва Дэ" президент сарайында жұмыс бабындағы таңғы ас барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бак келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, келіссөздер барысында екі елдің көшбасшылары екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселесін талқылады.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Корея стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

Корея Республикасы Қазақстанның Азиядағы жетекші экономикалық серіктесінің бірі болып табылады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 16 пайызға өсті және миллиард АҚШ доллары көлеміне жетті. Қазақстанда оңтүстік кореялық капиталдың қатысуымен 800-ден астам бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Шикізаттық емес сектордағы ынтымақтастық кеңейе түсуде.

Қазақстан Президенті сондай-ақ бірлескен іскерлік жобалардың тиімді іске асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Балқаш ЖЭС-ның құрылысы бойынша жоба қарқынды жүзеге асуда. Атырау облысындағы газ-химиялық кешеннің екінші сатысының құрылысы табысты іске асырылуда.

Қазақстан шектес саланы дамытуға, озық технологияларды игеруге және таратуға мүмкіндік беретін жаңа экономикалық жобаларды қарастыруға дайын.

Тараптар сонымен қатар, энергетикалық ынтымақтастықтың келешегі бар бағыттарын дамытуды, атап айтқанда Қазақстанда баламалы және жаңартылған энергия көздерін дамыту саласындағы өзара іс-қимылды талқылады.

Мемлекет басшыларының келіссөздерінің екінші бөлігінде халықаралық күн тәртібі талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан Сеулдің кореяаралық қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі саясатын қолдайды және алтыжақты келіссөздердің жалғасын табуын жақтайды. Қазақстан ядролық қауіпсіздік жөніндегі Сеул саммитінің шешімі бойынша уағдаластықтарды қарауға белсенділікпен қатысуға дайын екенін білдірді.

Корея тарабы ЕXPO-2017 көрмесін Қазақстанда өткізуге қажетті қолдау көрсету ниетінде екендіктерін білдірді.

Мемлекет басшылары сондай-ақ денсаулық саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады.

Келіссөздер аяқталғаннан кейін Корея Президентінің шақыруы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев танысу мақсатымен Сеул ұлттық университетінің медициналық орталығында болды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны