13.09.2006, 11:24 2739

ҚР премьер-министрі Даниал Ахметов Астананың сол жағалауында салынып жатқан бірқатар нысандарды аралады

АСТАНА. 13 қыркүйек. Kazakhstan Today. Премьер-министр Даниал Ахметов Астананың сол жағалауында салынып жатқан бірқатар нысандарды аралады, деп хабарлайды үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, үкімет басшысы әуелі 3500 орынды әмбебап киноконцерт залының ғимаратында болды. " Бұл өзгеше құрылымдағы сәулетті ғимарат, жалпы алаңы 29 мыңнан астам шаршы метрден, үш бес қабатты шығырдан тұрады", дейді үкімет баспасөз қызметінің өкілдері. Мердігерлердің сөзіне қарағанда, құрылыс жұмыстарына 200 жұмысшы, 19 техника жұмылдырылған.

Құрылыс алаңын қарап шыққаннан кейін, Даниал Ахметов залдың қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейту және оның техникалық жабдықталуын жақсарту жөнінде бірқатар ұсынысын білдірді.

Премьер-министр тоқтаған келесі нысан 500 орынға есептелген, ана мен бала Республикалық ғылыми орталығы болды. " Бұл нысанда құрылыс-құрастыру жұмыстары толық аяқталған, енді шатыры мен айналасын жайластыру жұмыстары бітуге жақын қалды. Сонымен қатар аумақты абаттандыру жұмыстары да бірге жүргізілуде",-деп хабарлады премьер -министрдің баспасөз қызметі.

Одан кейін Даниал Ахметов медициналық диагностикалық орталықты аралады.

Осы үш нысанға сипаттама бере келе, премьер-министр басты мақсат - қолайлы медициналық мекеме салу деп атап өтті. "Бұл міндетті елбасы алдыға қойған, біз оны орындаймыз",- деді Даниал Ахметов.

Сондай-ақ , Даниал Ахметов салынып жатқан республикалық Велотрек құрылысын аралады. Мердігер өкілдерінің айтуларынша, велотрек ғимараты теңдессіз , ол тек халықаралық деңгейде ғана емес, Олимпиадалық ойындарды қоса алғанда, әр түрлі мәдени-сауықтыру сипатындағы іс-шараларды да өткізуге арналған. Кешеннің сыйымдылығы 30 мыңға жуық адам.

Үкімет басшысы құрылыс нысандарындағы жұмысқа көңілі толып, ризашылығын білдіріп, ғимараттардың көптүрлі мақсатқа лайықтылығына жақсы баға берді. Сонымен бірге ол велотрек бәрінен бұрын әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін салынып жатқандықтан, халықаралық сарапшыларды тарту туралы ұсыныс айтты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны