09.01.2013, 16:41 3303

ҚР премьер-министрі "Қазақстан темір жолы" АҚ 2012 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша мәжіліс өткізді

Мәжіліске "ҚТЖ" еншілес ұйымдарының, темір жол бөлімшелерінің, магистралдық желілердің басшылары, поездар қозғалысының қауіпсіздігі жөніндегі өңірлік ревизорлар қатысты.

Астана. 9-қаңтар. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалық етуімен "Қазақстан темір жолы" АҚ-ның 2012 жылғы жұмыс қорытындысы қарастырылып, 2013 жылға арналған басым міндеттері талқыланған мәжіліс өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Мәжіліске "ҚТЖ" еншілес ұйымдарының, темір жол бөлімшелерінің, магистралдық желілердің басшылары, поездар қозғалысының қауіпсіздігі жөніндегі өңірлік ревизорлар қатысты.

Мәжілісте сөз алған "ҚТЖ" ҰК" АҚ президенті Асқар Мамин "2012 жылы "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы негізі өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспарды орындады" деп атап өтті.

"Атап айтқанда, тарифтік жүк айналымы 235 млрд. тонна-км астам болды, бұл өткен жылға деңгейден 5,4% жоғары. Жолаушы айналымы өткен жылғы көрсеткіштен 14% артса, компанияның кірісі 15,7% ұлғайды", - деп хабарлады А.Мамин.

"ҚТЖ" басшысы көлік активтері мен инфрақұрылым нысандарын жаңарту және жаңғырту жөніндегі шаралар кешенінің орындалғаны туралы да мәлімдеді.

ҮИИДМБ жүзеге асыру шеңберіндегі General Electric, Alstom, Talgo, Siemens-пен серіктестікте эскспорттық әлеуеті жоғары, жоғары технологиялық өнімдер өндіретін 9 ірі зауыттың құрылысы салынды.

Мәжіліс барысында А.Мамин сондай-ақ 2013 жылға арналған, өндірістік-қаржылық көрсеткіштерді арттыру және Көлік инфрақұрылымын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы мен "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі шаралар жоспарын орындауға қатысты міндеттер туралы да хабарлады.

Мәжіліс қорытындысын шығара келіп, Серік Ахметов "ҚТЖ" 2012 жылғы жұмысына оң баға берді. "Негізгі өндірістік-қаржылық көрсеткіштер мен жоспарланған шаралар орындалған. Экономиканың барлық секторларын дамытудың нәтижелілігі көп жағдайда көлік саласының жақсы ұйымдастырылған және тиімді жұмысына тәуелді болып келеді", - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның алдына бірқатар міндеттер қойды. Атап айтқанда, С.Ахметов "темір жол тасымалын жаңғыртуды, инновация енгізуді, көліктік- машина жасауды одан әрі дамытуды қамтамасыз ету" қажеттігіне баса назар аударды.

"ҚТЖ" жолаушы тасымалы сервисін жақсартуға және жүк тасымалдау сапасын арттыруға ұдайы көңіл бөліп отыруы қажет. Экономиканың барлық секторларын дамытудың нәтижелілігі көп жағдайда көлік саласының жақсы ұйымдастырылған және тиімді жұмысына тәуелді болып келеді", - деп атап өтті С.Ахметов.

Үкімет басшысы "ел ішінде, сондай-ақ шетелдерде де көлік-логистикалық орталықтар желісін құру жөніндегі кешенді жоспарларды әзірлеуді" тапсырды. "Сыртқы нарыққа одан әрі де жылжи түсу үшін ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де терминалдық-сервистік инфрақұрылымды дамыту қажет", - деді С.Ахметов.

Бұдан басқа, С.Ахметов үстіміздегі жылы ұлттық темір жол жүк тасымалын және инфрақұрылымдық қызмет көрсететін компаниялар құру жұмысын аяқтауды тапсырды.

"Саланың мақсатты моделі шеңберінде жолаушы тасымалын субсидиялау мәселесін реттеу және саланың реттелетін секторын инфрақұрылым қызметіне дейін қысқарту қажет", - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Премьер-Министр "ҚТЖ" алдында тұрған елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі міндеттер ең жоғары тиімділікте іске асырылады деп сенім білдірді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны