10.12.2013, 18:58 3108

ҚР Премьер-Министрі Корей Республикасының Президентімен кездесу өткізді

Премьер-Министр Қазақстан мен Кореяның Балқаш ЖЭС, Атырау облысындағы газ-химия кешені құрылыстары және "Жамбыл" кен орнын игеру бойынша бірқатар бірлескен ірі жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

Алматы. 10 желтоқсан. Kazakhstan today. Корей Республикасына ресми сапары шеңберінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осы елдің Президенті Пак Кын Хемен кездесті, деп Премьер-Министрдің ресми сайты хабарлады.

"Серік Ахметов Пак Кын Хеге Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың игі тілегін және 2014 жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын жеткізді", - делінген хабарламада.

Кездесудің басты тақырыбы екі жақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесі болды.

"Екі жақты тауар айналымының қазіргі қарқыны көрсетіп отырғандай, бұл бағытта елеулі табыстарға қол жеткіздік. Ағымдағы жылдың тоғыз айында оның көлемі 1 млрд. долларға артты. Тауар айналымы қарқынын одан әрі арттыруға ниеттіміз",-деді С.Ахметов.

Премьер-Министр Қазақстан мен Кореяның Балқаш ЖЭС, Атырау облысындағы газ-химия кешені құрылыстары және "Жамбыл" кен орнын игеру бойынша бірқатар бірлескен ірі жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

"Бұл ірі жобаларды жүзеге асырудың, Қазақстан экономикасын дамытуға зор үлесін қосып және біздің елдеріміз арасындағы инвестициялық және технологиялық әріптестікті елеулі түрде нығайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін",- деп атап көрсетті С.Ахметов.

Өз кезегінде, Пак Кын Хе Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа игі тілегін білдірді. Корей Президенті екі жақты өзара іс-қимыл деңгейіне жоғары баға беріп, мемлекетаралық қатынастардың барлық спекторы бойынша байланыстарды одан әрі тереңдете түсу қажеттігі туралы айтты.

"Қазақстан Корея үшін Еуразия кеңістігіндегі негізгі әріптестердің бірі болып табылады",-деді кездесу барысында Пак Кын Хе.

Ел Президенті сондай-ақ Кореяның ЭКСПО көрмесін өткізудегі үлкен тәжірибесіне тоқталып, "осынау іс-шараны ұйымдастыруға байланысты Қазақстанмен тәжірибе бөлісуге дайын екенін" айтты.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны