19.06.2013, 13:21 2876

ҚР Премьер-Министрі судағы қауіпсіздік мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді

"Адамдардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдау қажет, деп есептеймін. Өрт санының өсуіне байланысты жағдайлар да алаңдатады, өйткені, өрт қауіптілігі кезеңі басталды",-деді Премьер-Министр.

Астана. 19-маусым. Kazakhstan Today - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов су мен жолда және өрт шыққан жағдайда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Отырысты аша келе, С.Ахметов суға түсу науқаны басталысымен-ақ, адамдардың, әсіресе балалардың суға кету оқиғаларының жиілегенін атап өтті.

"Адамдардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдау қажет, деп есептеймін. Өрт санының өсуіне байланысты жағдайлар да алаңдатады, өйткені, өрт қауіптілігі кезеңі басталды",-деді Премьер-Министр.

ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир Божконың хабарлауынша, үстіміздегі жылдың өткен 5 айында 57 адам суға кетті, оның 13 бала. Барлығы судағы апатқа 171 адам ұрынса, оның ішінде 36 бала, оның суда құтқару қызметінің көмегімен құтқарылғаны 114 адам, оның ішінде 23 бала. Суға кету оқиғасы мейлінше көп тіркелген Алматы облысы (13), Оңтүстік Қазақстан (10), Қызылорда облысы (8).

Министрдің мәліметінше, ел аумағында адамдардың өміріне қауіп төндіру ықтималдығы бар халықтың шомылуына, демалысына, балық аулауға пайдаланылатын 50 мыңнан астам су бар.

"Талдау көрсеткендей, адамдар арнайы дайындалмаған орындар мен демалыс аумақтарында қазаға ұшырауда, ата-ана бақылауынсыз қалған балалар каналдар мен арықтарда суға кетуде",-деп мәселені нақтылады В.Божко.

Осыған орай ТЖМ 2013 жылғы шомылу науқанында суға кету оқиғаларын қысқарту және болдырмау бойынша бірлескен іс-шаралар Жоспарын дайындады. Суда құтқару қызметтері 4 мың су көздеріне түгендеу жүргізіп, шомылуға жарамды 535 демалыс аумағын анықтады, олардың иелерімен суға түсу алаңдарын дайындау бойынша түсінік жұмыстары жүргізілді, 200 балалар лагерлері айрықша бақылауға алынды.

Суда құтқару стансаларына жақын орналасқан балаларға арналған суға түсу орындарында балаларды жүзуге үйрету жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы құтқарушы-мамандар 12 мың баланы жүзуге машықтандырды.

"2013 жылғы өрт қауіптілігі кезеңінде Қазақстан аумағында 2245 га жерді өрт жалмап, 8 млн.677 мың теңге зиян әкелген 75 табиғи өрт дерегі тіркелді. Биыл өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда өрт санының 4 есеге, өрт шалған аумақтың 3,3 есеге, келген зиянның 6,6 есеге кемігенін атап айту керек",-деді В.Божко.

"Табиғи өрттің кесірінен өрт қауіптілігі артып кеткен жағдайда Үкімет аймақаралық сипаттағы орман мен дала өрттерін жою Жоспарын бекітті. Бұл жоспарға сәйкес, ірі өрт аумақтарына 24 мың адам мен әр түрлі сипатта қызмет көрсететін 4 мың техника бірлігі, оның ішінде 12 тікұшақ, 45 өртпен айналысатын поездар тартылуы мүмкін",-деді министр.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жолдағы апаттарды қысқарту бойынша жұмыстар туралы ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндады.

"2013 жылдың 5 айында республика жолдарында 6817 жол көлік оқиғалары тіркелді, соның салдарынан 938 адам қайтыс болып, 8700 адам жарақат алды. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда жол көлік оқиғаларының саны екі есеге жуық өсіп, мерт болғандар саны 11% артып кетті",-деді ІІ министрі.

Оның айтуынша, осынау өкінішті жағдайға әкелудің негізгі себептері көлік санының тоқтаусыз артуы, көлік тасқынына жолдар параметрлерінің сай келмеуі, сондай-ақ жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін толық сақтамауы болып табылады.

Талқылауды түйіндей келе, Үкімет басшысы суға шомылу орындарында қауіпсіздік мәселелері мен өрт қауіпсіздігін айрықша бақылауға алу қажеттігіне тоқталды. Осыған орай С.Ахметов барлық деңгейдегі әкімдерге барлық қалалар мен аудандарда адамдардың суға шомылу аумақтарындағы қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету бойынша тиісті жиындар өткізуді тапсырды.

С.Ахметов сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті Жоспар қабылдауға өкім етті. "Бұл адамдардың суға кетуінің алдын алу бойынша шаралар кешені. Өрт қауіпсіздігі туралы айрықша айтқым келеді. ТЖМ тарапынан тиісті нұсқаулар таратылды. Енді, оны қатаң ұстану керек",-деді С.Ахметов.

Үкімет басшысы жолдағы қауіпсіздік мәселелеріне назар аударды. Осы орайда С.Ахметов өңірлерге ҚР-да жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету салалық бағдарламалары Жоспарын беруді тапсырды.

"Өңірлер әкімдеріне бұл мәселелерді айрықша бақылауға алып, халық арасында түсінік жұмыстарын жандандыруды тапсырамын",-деді С.Ахметов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны