27.10.2011, 12:51 4569

ҚР президенті Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының жетістіктер көрмесімен танысты

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының мәдениет күндеріне арналған іс-шараларға қатысқан.

Астана. 27-қазан. Kazakhstan Today - ҚР президенті Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының жетістіктер көрмесімен танысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының мәдениет күндеріне арналған іс-шараларға қатысқан.

Шаралар Бейбітшілік және келісім сарайында болып өтті. Президент Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының жетістіктер көрмесімен танысты. Көрменің мақсаты - Қазақстан облыстарының Тәуелсіздіктің 20 жылында экономика, әлеуметтік және мәдени салалардағы жетістіктерін көрсету.

Мемлекет басшысы Алматы облысы қол жеткізген нәтижелердің қорытындысына арналған көрмемен танысты. Облыс әкімі А. Мұсаханов Мемлекет басшысына өңірдің экономикалық жай-күйі мен дамуы туралы баяндады. Тәуелсіздік жылдарында облыста өмір сүру деңгейінің барлық саласына арналған ауқымды жаңарулар жүргізілді. 2011 жылы облыста жалпы өңірлік өнімді 1056,9 млрд. теңгеге дейін, тұрғындардың жан басына шаққанда 560,9 мың теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. 1987 жылмен салыстырғанда, жалпы өңірлік өнім 11,2 есе, тұрғындардың жан басына шаққанда 8,9 есеге өсті. Облыс республикадағы ірі агроиндустриялық өңірдің бірінен саналады. Өйткені жалпыреспубликалық көлемнің аграрлық сектор бойынша жалпы өнімінің 16 пайызға жуығы осы облыста өндіріледі. 2010 жылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 227,8 млрд. теңгеге жетіп, 1991 жылғы деңгейден 69 есе ұлғайды. Ағымдағы жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемін 359,4 млрд. теңгеге жеткізіп, 1996 жылғы көрсеткіштен 16,6 есеге арттыру жоспарлануда.

Соңғы 10 жылда облыста 867 жаңа нысан пайдалануға беріліп, 21 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 1998 жылғы 30 мыңнан 2010 жылы 108 мың бірлікке дейін ұлғайды. Ағымдағы жылы Индустрияландыру картасы аясында сомасы 216,9 миллиард теңгенің 12 нысанын пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде бірінші жартыжылдықта 5 нысан пайдалануға берілді. Екінші жартыжылдықта өңірлік карта аясында 5 нысанды және республикалық карта бойынша 2 жобаны іске қосу қарастырылған. Ол Қорғас - Жетіген және Мойнақ СЭС құрылысы. 195 кітапхана, 185 мәдениет үйі және 13 мұражай, 2 картиналар галереясы, облыстық халық шығармашылығы орталығы мен тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі облыстық орталық ашылды. Тілдер сарайы, Талдықорған қаласында достық үйі және 5 мәдениет нысаны салынды. Өңірде заманауи туристік инфрақұрылымды қалыптастыруға, табиғат және мәдениет қазынасын сақтауға әрі дамытуға бағытталған әлемдік деңгейдегі "Жаңа Іле" туристік орталығын құру жөніндегі серпінді жоба іске асырылуда.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылында Павлодар облысы қол жеткізген нәтижелердің қорытындысына арналған экспозициямен танысты. Облыс әкімі Б. Сағынтаев Мемлекет басшысына өңірдегі әлеуметтік және экономикалық жетісіктер туралы баяндады. Павлодар облысы экономика және әлеуметтік дамудың барлық көрсеткіштері бойынша тұрақты оң серпінді көрсетіп келеді. Жалпы өңірлік өнімнің өндіріліген көлемі 2010 жылы 1031,9 млрд. теңгені құрады, 1993 жылмен салыстырғанда, 430 есе ұлғайды. Жалпы өңірлік өнім мөлшері тұрғындардың жан басына шаққанда 18 есеге өсіп, 1993 жылғы 531,9 доллардан 2010 жылы 9387,1 долларға ұлғайды. 1993 жылдан бастап өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 256 есе өсті және 2010 жылы 844 млрд. теңгені құрады. Еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы өңірдің экономикалық дамуына үлкен серпін берді. Бағдарлама аясында 168 инвестициялық жоба іске асырылуда, бүгінгі күні 42 өндіріс іске қосылды. 2016 жылға дейін тағы 126 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл облыс экономикасына бір триллионнан астам теңгені тартуға және 10300 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 1993 жылдан бастап ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 73 есе өсті, 2010 жылдың соңына қарай 60,7 млрд. теңгеге жетті. Агроөнеркәсіп кешенінде мал шаруашылығы саласында, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және сақтауға бағытталған 35 инвестициялық жоба іске асты. 2005-2011 жылдар аралығында жаңадан 20 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде ауылдық жерлердегі нысан саны - 11. Облыста 30 мектеп салынып, 15,5 мың үйренушілік орындар пайдалануға берілді. 2008 жылы қыркүйекте Павлодарда жаңа Достық үйі ашылып, онда 19 этномәдени бірлестік, сондай-ақ ұлттық жаңару мектебі орналасты.

Президент ел Тәуелсіздігінің 20 жылында Батыс Қазақстан облысы қол жеткізген нәтижелердің қорытындысына арналған көрмемен танысты. Облыс әкімі Б. Ізмұхамбетов Мемлекет басшысына өңірдің экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық даму серпіні туралы баяндады. Облыста өндірілген жалпы өңірлік өнім көлемі соңғы 15 жылда 25 млрд. теңгеден 1048,8 млрд. теңгеге дейін өсті, халықтың жан басына шаққандағы есебі 38,5 мың теңгеден 1730,4 мың теңгеге дейін ұлғайды. Облыстағы кәсіпорындардың базалық өндірісі көлемінің ұдайы артуы, жаңа өндірістің дамуы, қуатты жаңа өндіріс көлемін ендіру есебінен өнеркәсіп өнімі 990,1 млрд. теңгеге дейін өсті (1995 жылы - 12,3 млрд. теңге болды). Өңдеуші саладағы өнімдердің бәсекеге қабілетін арттыру мақсатында кәсіпорын базасында инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте экспортқа бағытталған саланы дамыту негізгі бағыт ретінде қаралап отыр. Бүгінде Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 96,4 млрд. теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылуда. Көрсетілген жобаны іске асыру барысында 900 тұрақты жұмыс орнын ашу қарастырылған. Жыл сайын 2 мың жаңа шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркеледі. Өңірдің экономикалық белсенді тұрғындарының бесінші бөлігі шағын бизнес саласымен айналысады. 2001 - 2010 жылдар аралығында білімге жұмсалған шығыс 6 есе, денсаулық сақтау саласына - 8,5 есе артты. Соңғы 10 жылда 35 білім нысаны, 71 денсаулық сақтау нысаны салынды, 8 білім нысаны, 6 денсаулық сақтау нысаны қайта жөндеуден өткізілді.

Таныстырылым аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Алматы, Павлодар және Батыс Қазақстан мәдениет күндерінің гала-концертін тамашалады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны