05.07.2012, 12:16 3041

ҚР президенті Астанада Құрманғазының ескерткішінің ашылуына қатысты

Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсім кезінде халықтың ұлы күйшісіне ескерткіш ашу ел өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.

Астана. 5-шілде. Kazakhstan Today - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ халқының ұлы күйшісі Құрманғазының ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты рәсім кезінде халықтың ұлы күйшісіне ескерткіш ашу ел өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.

"Бабаларымыздың құрметіне ескерткіштердің ашылуы - біздің ұрпақтың оларға деген шынайы ризашылығы мен зор құрметінің көрінісі. Қазіргі кезде Астанада Жәнібек пен Керейге, Абылай мен Кенесарыға, Абайға, Жамбылға және Бауыржан Момышұлына ескерткіштер орнатылған. Енді олардың қатарына Құрманғазы ескерткіші қосылып отыр. Ол - халықтың сенімін қасиетті аспап арқылы жарқын және бейнелі түрде жеткізе білген ұлы композитор. Оның "Сарыарқа", "Адай", "Балбырауын", "Қайран шешем", "Кішкентай" атты күйлерін әрбір қазақ біледі, сүйсініп тыңдайды. Ал "Сарыарқа" күйі күллі әлемге таралып, қазақ музыкасын танытты", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

"Құрманғазы" ескерткішінің идеясы - мүсіндік композицияда күйшінің жарқын бейнесін, оның ерекше тұлғасы мен өшпес рухын көрсету. Мүсінде оның қолына домбыра ұстап, күйлерінің бірін шығарып отырған сәті бейнеленген. Мүсіндегі аспап - Құрманғазы домбырасының дәл көшірмесі. Ұлы күйшінің домбыра шертіп отырып, қолын сермеген сәті оның шығармашылық шабытқа бөленген кезін білдірсе керек.

"Құрманғазы - аңызға айналған тұлға. Ол өз шығармаларына қазақ халқының тарихы мен мәдениетін арқау етті. Біз күйшінің жерленген жері - Астрахань облысындағы ескерткішін жаңалап, сол жерден арнайы мұражай салдық. Біздің елімізде көптеген көше, мәдениет мекемелері оның есімімен аталады. Халқымыз Құрманғазының күйлерін есте сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Мен барша тұрғындарды Елорда күні мерекесі қарсаңында осы маңызы зор оқиғамен құттықтаймын. Астана қонақтары мен тұрғындары үшін әр жексенбі күні сағат 12-де Құрманғазының "Сарыарқа" күйі орындалатын болады", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мүсін 5,5 м биіктіктегі тұғырға орнатылған, ескерткіш қоладан құйылған. Оның жалпы биіктігі 10 м.

Тұғыр гранитпен қапталған және екі бөліктен - биіктігі 2 метр төменгі және 3,5 метрлік 3 тақырыптық бедер орнатылған жоғарғы бөліктен тұрады. Олар ұлы сазгердің бейнесін толықтырып, Құрманғазы Сағырбайұлы өмір сүрген кезеңді суреттейді.

Орталық бедерде домбырасын жас Дина Нұрпейісоваға беріп жатқан күйшінің өзі бейнеленген. Құрманғазы оған ақ батасын беріп, қазақтың күй өнері дәстүрін жалғастыруға жол сілтеген болатын. Оң жақ бедерде билік және қазақ мемлекеттілігін білдіретін Жәңгір хан бейнеленген. Сол жақ бедерде бір-бірімен батылдық, ептілік, күш сынасып, сайысқа түскен батырлар көрсетілген.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны