12.09.2011, 16:25 3841

ҚР президенті Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының мәдениет күндеріне арналған іс-шараларға қатысты - баспасөз баяны

Іс-шаралар Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Президент Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының жетістіктер көрмесімен танысты. Көрменің мақсаты - еліміз Тәуелсіздігі жылдарында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм мен бизнес дамыту бағдарламаларын орындай отырып, экономикалық, әлеуметтік және мәдениет салаларындағы қол жеткізген жетістіктерінің нәтижесін көрсету.

Жұма күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының мәдениет күндеріне арналған іс-шараларға қатысқан.

Іс-шаралар Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Президент Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының жетістіктер көрмесімен танысты. Көрменің мақсаты - еліміз Тәуелсіздігі жылдарында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм мен бизнес дамыту бағдарламаларын орындай отырып, экономикалық, әлеуметтік және мәдениет салаларындағы қол жеткізген жетістіктерінің нәтижесін көрсету.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде Жамбыл облысы қол жеткізген нәтижелердің қорытындысына арналған экспозициямен танысты. Облыс әкімі Қ. Бозымбаев Мемлекет басшысына өңірдің экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық даму қарқыны туралы баяндады.

2010 жылы Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнімі 453,9 млрд. теңгені құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 119,6 млрд. теңгені құрады. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Жамбыл облысында жалпы сомасы 134,9 млрд. теңгеден астам 19 инвестициялық жоба іске асырылуда. Көрсетілген жобалардың жүзеге асырылуының арқасында 3,9 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. 2010 жылы жалпы сомасы 55,9 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылып, 2018 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал 2011 жылы сомасы 23,0 млрд. теңге болатын 7 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл жоба бойынша 1120 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген болса, оның ішінде бірінші жартыжылдықта сомасы 10,7 млрд. теңгені құрайтын 3 жоба іске асырылып, 520 жаңа жұмыс орны ашылды. 2011 жылдың екінші жартыжылдығында сомасы 12,3 млрд. теңге болатын 4 жобаны іске асырып, 600 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жамбыл облысын дамыту бағдарламасында облыс экономикасын жылына 7 пайызға өсіру көзделген. Жұмыс істеп тұрған өндірісті одан әрі жаңғырту өнеркәсіп өнімінің көлемін 2015 жылы 2010 жылмен салыстырғанда 1,6 есе ұлғайтуға мүмкіндіктер туғызады. Шикізаттық емес экспорттың көлемі 2015 жылы өңдеуші өнеркәсіп өндірісінің жиынтық көлемінің 35,8 пайызын құрайды. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 2015 жылы 2010 жылмен салыстырғанда 1,2 есе ұлғаятын болады. 2011 жылы "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында Жамбыл облысына республикалық бюджеттен 2969,9 млн. теңге бөлінген. 2010 жылы Жамбыл облысында қазақстандық қамтуды дамыту бағдарламасы аясында облыстың жүйе құраушы кәсіпорындарымен жалпы сомасы 26,8 млрд. теңгені құрайтын тауарларды жеткізу, жұмыс және қызмет қөрсетуге арналған келісім (келісім-шарт) жасалды, қазақстандық қамтудың үлесі 77 пайызды құрады. 2011 жылы білім беру саласын қаржыландыру 52,9 млрд. теңгеге өсті. Облыстағы мектеп саны - 460. Мектептің бәрі де 100 пайызға компьютермен қамтамасыз етіліп, оның 95,7 пайызы интернет жүйесіне қосылды. "100 мектеп, 100 аурухана" бағдарламасы аясында 2 медициналық нысан салынды. Облыстың денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2011 жылы 28,6 млрд. теңгені құрады. Облыста қазақ және орыс драма театры, филармония, 6 мұражай, 282 кітапхана, 195 клуб пен мәдениет үйлері қызмет көрсетеді. Өңір ел ішінде және халықаралық көлемде де туризмді дамыту үшін мол мүмкіндіктерге ие. Облыс "Жібек жолының тарихи орталықтарын өркендету, сақтау және түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасының сабақтастығын дамыту, туризм инфрақұрылымын құру" мемлекеттік бағдарламасына енгізілген.

Президент Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде Атырау облысы қол жеткізген нәтижелердің қорытындысына арналған экспозициямен танысты. Облыс әкімі Б. Рысқалиев Мемлекет басшысына өңірдің экономикалық жағдайы мен әлеуметтік дамуы туралы баяндады. Атырау облысы Қазақстан Республикасының ірі индустриялық өңірлерінің бірі болып саналады. 20 жыл ішінде облыста жалпы өңірлік өнім 1991 жылғы 4,6 млрд. теңгеден 2010 жылдың қорытындысы бойынша 2,8 трлн. теңгеге дейін өсті. Облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 3 трлн. 119 млрд. теңгеге дейін артты. Сондай-ақ облыс елімізде инвестиция тарту жөнінен көшбасшы болып табылады. Егер 1991 жылы инвестиция 2,4 млрд. теңгені құраса, тек 2010 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн. 105 млрд. теңгеге жетіп, республика бойынша тартылған инвестицияның 28 пайызын құрап отыр. 2010 жылы 30 млн. тонна мұнай, 13,6 млрд. текшеметр ілеспе газ өндірілді, 1991 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда, тиісінше, 8 және 20 есеге артты. Өңдеуші өнеркәсіптің үлесі өнеркәсіптің жалпы көлемінің 20 пайызына жетті. Жалпы алғанда, өнеркәсіп саласында 20 жыл ішінде 130 өндіріс орны, оның ішінде 30 мың жаңа жұмыс орындары ашылды. Тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 25 мыңнан астам бірлікті құрады. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде 81 мың 500 жұмыс орны ашылды. Шағын және орта бизнес саласындағы өнім шығару және қызмет көрсету көлемі 2000 жылы 7 млрд. теңгені құраса, 2010 жылы 465 млрд. теңгеге жетті, яғни 66 есе өсті. Ауыл шаруашылық өндірісінің көлемі 1991 жылмен салыстырғанда 40 есе өсті, оның ішінде ірі қара мал саны 1,5 есе артты. Облыста білім беру саласында 67 мектеп салынып, қажетті құрал-жақдықтармен, технологиямен, заманауи стандарттарға сәйкес келетін арнаулы пәндік сыныптармен жабдықталды. 42 балабақша пайдалануға беріліп, 235 шағын орталық ашылды. Барлық осы шаралар білім сапасының жақсаруын қамтамасыз етіп, балалардың мектепалды мекемелермен қамтылуын 80 пайызға жеткізуге мүмкіндіктер туғызды. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында да оң динамика байқалады. 12 аурухана, 29 емхана мен амбулатория, 7 туберкулез ауруханасы салынып, барлық насындарға күрделі жөндеу жүргізілді. Егер 1991 жылы тұрғындардың тек 27 пайызы ғана таза ауыз суды пайдаланса, енді қазір бұл көрсеткіш 99 пайызға жетті. 1991 жылы тұтынушылар сапалы электр энергиясымен 79 пайыз қамтылса, ал 2010 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызды құрады. 2001-2010 жылдары аралығында жалпы аумағы 3 млн. 752 мың текшеметр болатын 36 мың тұрғын үй тұрғызылды. 1991 жылмен салыстырғанда тұрғын үймен қамту көлемі 2010 жылы 3,4 есе артты. 1991 - 2010 жылдары 24 мәдениет нысандары жаңартылды. Соңғы жылдары облыста 30 спорттық ғимарат тұрғызылды. Соңғы 10 жылда облыста жұмыссыздық деңгейі 13,5 пайыздан 5,1 пайызға дейін төмендеді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Тәуелсіздігінің 20 жылы ішінде Шығыс Қазақстан облысы қол жеткізген нәтижелердің қорытындысына арналған көрмемен танысты. Облыс әкімі Б. Сапарбаев Мемлекет басшысына өңірдің экономикалық жағдайы мен әлеуметтік дамуы туралы баяндады.

Шығыс Қазақстан облысы - еліміздегі ірі өнеркәсіптік, энергетикалық, аграрлық және көліктік өңірлердің бірі. Ағымдағы жылы облыста жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша 1 триллион теңгенің табалдырығын аттап, 2001 жылғы көлемнен 5 есе артық көрсеткішке жетті. Индустриялық-инновациялық даму міндеттеріне сәйкес өндірістің өсімі 28,9 пайызға қамтамасыз етілді. Негізінен - үдемелі индустриялық-инновациялық даму жобасын іске асыру есебінен - ағымдағы жылы 13 пайыз болды. Ағымдағы жылдың 7 айы ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша жалпы өнім шығару көлемі 68,1 млрд. теңгеден астам қаражатты құрады, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26,6 пайызға артық деңгейге қол жеткізілді. Облыста негізінен сауда мен қызмет көрсету салаларында 70 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді, бұл шамамен 10 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 10 есеге артық. Бүгінде бұл салада өңірдің белсенді халқының төрттен бір бөлігі жұмыс істеп, қазынаға салықтық түсімдердің тек жартысының түсуін қамтамасыз етіп келеді. "Бизнестегі жол картасы 2020" бағдарламасын іске асыру аясында сомасы 18 млрд. теңгені құрайтын кредитті субсидиялау жөніндегі 28 сұранымға қолдау көрсетілді. "Жұмыспен қамту 2020" бағдарламасын іске асыру аясында облыстағы кәсіпорындармен және мекемелермен 2715 жұмыс орын ашу мақсатындағы хаттамаға қол қойылды. Соңғы 5 жыл ішінде денсаулық сақтау саласына бөлінген бюджет көлемі 2,7 есе өсіп, 43,6 млрд. теңгені құрады. 12 денсаулық сақтау нысаны салынды, ағымдағы жылы 4 нысанның құрылысы жүргізілуде. Соңғы 5 жылда білім беру саласын қамтитын бюджет көлемі 40 млрд. теңгеге артты. Облыста мектепалды білім берудің жалпы ауқымы жылдың басымен салыстырғанда 8,5 пайызға артып, 80,4 пайызды құрады. 2001 жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі мекеме қатары 61-ге артты. Ағымдағы жылы тағы да 5 балабақшаны іске қосу, шағын орталықтарда 54 топ ашу жоспарланып отыр. Бес жыл ішінде 32 жаңа мектеп салынған. Ағымдағы жылы 9 білім нысаны пайдалануға берілетін болады. 30 мектептің құрылысы, оның қатарында облыстағы ауылдық елді мекендердегі апатты жағдайдағы 23 мектепті алмастыру жоспарланған. Он жыл ішінде жан басына шаққандағы кіріс 4 есеге ұлғайды. Жұмыссыздық деңгейінің төмендегені байқалуда. Ағымдағы жылы 12 мың адам жұмысқа орналастырылып, 23 мың адам кәсіптік оқытуға жіберілді. Үш жыл ішінде тек "Жол картасын" іске асыру аясында 48 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 1764 жоба іске асырылды.

Тұсаукер рәсімі аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Бейбітшілік және келісім сарайындағы Опера залында өткен Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының мәдениет күндерінің гала-концертті тамашалады. Концертте Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарынан шыққан халық артистері мен еңбек сіңірген артистер, республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары, халық аспаптарының оркестрлері, би ансамбльдері өнер көрсетті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны