05.01.2013, 16:31 3123

ҚР президенті Қазақстан халқын Рождество мерекесімен құттықтады

"Мемлекеттің өз азаматтарының рухани ұмтылысына деген ізгі де сыйластықты көзқарасы - біздің еліміздегі дінаралық келісімнің ең басты негіздерінің бірі. Адамзаттың мәңгілік ақиқаттарына, адамгершілікке, өзара құрмет пен қолдауға сүйене отырып, біз барлық конфессиялардың дамуына жағдай жасадық, ортақ үйіміз - Қазақстан Республикасында бейбітшілік пен келісімді сақтай алдық", деп атап өтті елбасы.

Астана. 5-қаңтар. Kazakhstan Today - ҚР президенті Қазақстан халқын Рождество мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Қымбатты отандастар! Православ христиандары мен барша қазақстандықтарды жарқын мереке - Рождествомен шын жүректен құттықтаймын", деді ҚР президенті Н. Назарбаев.

"Мемлекеттің өз азаматтарының рухани ұмтылысына деген ізгі де сыйластықты көзқарасы - біздің еліміздегі дінаралық келісімнің ең басты негіздерінің бірі. Адамзаттың мәңгілік ақиқаттарына, адамгершілікке, өзара құрмет пен қолдауға сүйене отырып, біз барлық конфессиялардың дамуына жағдай жасадық, ортақ үйіміз - Қазақстан Республикасында бейбітшілік пен келісімді сақтай алдық. Өткен жыл біздің Отанымыздың жылнамасына алтын әріптермен жазыларына сенімдімін. Бұл жыл жасампаз істердің, табысты жүзеге асқан бағдарламалар мен болашақты көздеген батыл мақсаттардың жылы болды. Біз экономикада, саясатта және әлеуметтік салада толайым табыстарға жеттік. Біз "Қазақстан 2050" Стратегиясын жария еттік. Бұл - ізгі ниетті барша қазақстандықтарға айқара ашылатын жарқын Болашақ", деп атап өтті елбасы.

"Еліміздің қоғамдық өміріндегі басты оқиғалардың бірі діни бірлестіктердің қайта тіркеуден өтуінің аяқталуы болды. Бүгінде Қазақстан қоғамының ажырамас бөлігіне айналған православ дін өкілдері еліміздің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына, конфессияаралық қатынастардың үндестігіне сүбелі үлес қосуда", деп мәлім етті Н.Назарбаев.

"Рождество күндері мәңгілік адамгершілік құндылықтарды сақтай отырып, сүйіспеншілік пен ізгілікті, ақ ниет пен рухани тазалықты әрбір жүрекке жеткізеді. Осы арқылы қазақстандықтардың бойына өзара сыйластық, кемелдікке ұмтылу, ізгі істер жасау секілді жоғары адами қасиеттердің сіңуіне ықпал етеді. Жақындарымызға, өз халқымызға, өз елімізге деген сүйіспеншілік барлығымызды мызғымастай біріктіре түссін. Сіздерге, қымбатты отандастарым, зор денсаулық, рухани сергектік пен күш-жігер, сарқылмас қуат пен ізгі бастамаларыңызға табыс тілеймін", деген тілегін білдірді елбасы Н. Назарбаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны