ҚР президенті Малайзияның премьер-министрімен кездесті
Астана. 19-сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Тун Разакпен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.
ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілген. Сондай-ақ, саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселесі талқыланды.
Қазақстан Малайзия инвестициясы мен технологиясын бірлескен ғылымды қажет ететін өндірістер құруға, ислам банкингін дамытуға, халал индустрия тартуға жоспарлап отыр.
"Біз үшін Малайзияның мұнайхимия, көмірсутек шикізатын қайта өңдеу, өнеркәсіпті жаңғырту, мамандандырылған индустриялық аймақ пен "экономикалық дәліздер" құру салаларындағы тәжірибесі қызығушылық туғызады. Энергетика мен минералдық ресурстар саласындағы, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қаржы секторындағы жобалардың үлкен перспективасы бар", - деді мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Наджиб Тун Разак Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық табыстарын жоғары бағалады.
"Біз Сіздің елді Орталық Азиядағы басым серіктес ретінде қарастырамыз. Біз біздің мемлекеттеріміздің экономикалық әлеуеттері толық ашылуы үшін бірлескен жұмыстарды жандандыру ниетіндеміз. Илемдік саясаттағы барлық негізгі мәселелер бойынша біздің ұстанымымыз ұқсас. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Ислам ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар желісі бойынша тығыз өзара іс-қимыл орнаған. Өткен жылдары қол жеткізілген өзара түсіністіктің жоғары деңгейі бізге өзара тиімді серіктестіктің көкжиегін едәуір кеңейтуге мүмкіндік жасайтынына сенемін", - деп атап өтті Малайзия премьер-министрі.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі ел Үкіметтері арасында минералдық ресурстарды әзірлеу, жоғары білім мен туризм салаларындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Кездесу аяқталғаннан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Тун Разактың баспасөз конференциясы болып өтті.
Журналистер алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Малайзия - Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы және мұсылман әлеміндегі басым серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
"Сіздер саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуда үлкен табыстарға қол жеткіздіңіздер. "Азия жолбарысы" аймақтағы көптеген елдер үшін жігерлендіретін үлгіге айналды. Біздің елдерімізді тарих тезі мен мемлекеттік құрылысындағы қазіргі заманғы тәжірибесінің ұқсастығы біріктіреді. Біз әлемдік қаржы дағдарысының салдарларын табысты еңсеріп, жаңа онжылдыққа экономикалық өсім мен өмір сүру деңгейі бойынша жоғары көрсеткіштермен ендік", - деп атап көрсетті Қазақстан президенті.
2011 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 100 миллионнан астам долларды құрады. Жүргізілген келіссөздер барысында іскерлік өзара іс-қимылды одан әрі жандандыру жөнінде кешенді шара анықталды.
"Біз малайзиялық бизнестің Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысуына, ет және ұн халал өнімдері өндірісінің толық циклы бойынша бірлескен кәсіпорындар құруына қызығушылық танытамыз. Энергетика, мұнай өңдейтін кешен нысандарын жаңғырту, минералдық ресустарды өндіру, мұнайхимия, құрылыс, қаржы, туризм салаларындағы жобаларға мүдделілік тудырады. Саяси және экономикалық өзара іс-қимылдан басқа, мәдени диалогты жақсарту қажет", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұдан басқа, қаржы секторындағы және білім саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мүмкіндіктері талқыланды.
"Қазіргі уақытта Малайзияда екі мыңнан астам қазақстандық білім алуда. Мен олардың алған білімдері мен жиған тәжірибелері XXI ғасырдағы біздің жемісті ынтымақтастығымыздың негізіне айналатынына сенемін. Қазақстан сондай-ақ оқыту үшін Малайзиядан студенттер қабылдауға дайын", - деп тоқталып өтті мемлекет басшысы.
Наджиб Тун Разак Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапары екі елдің қарым-қатынастарының жаңа тарауын ашатынын және Қазақстан мен Малайзияның іскерлік топтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда қуатты сигнал қызметін атқаратынын атап өтті.
"Сіздің еліңізді аймақтағы ең қолайлы инвестициялық климат ерекшелеп тұр. Біз Қазақстанды Бірыңғай экономикалық кеңістік рыногына шығу үшін негіз ретінде қарастырамыз. Өз кезегінде Малайзия қазақстандық экспорт үшін Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қақпа қызметін атқара алады. Бүгінгі келіссөздер әртүрлі салалардағы біздің елдеріміз арасындағы нақты уағдаластықтардың жасалуына мүмкіндіктер туғызады", - деді Малайзия премьер-министрі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.