04.03.2011, 17:20 3996

ҚР президенті мемлекеттік органдарды сайлау науқанына араласпауға міндеттеді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды қоғамдық штабтың мүшелерімен кездесу өткізіп, кездесу барысында мемлекеттік органдарды сайлау науқанына араласпауға міндеттеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Астана. 4 - наурыз. Kazakhstan Today - Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық сайлауалды қоғамдық штабтың мүшелерімен кездесу өткізіп, кездесу барысында мемлекеттік органдарды сайлау науқанына араласпауға міндеттеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Кездесу "Нұр Отан" ХДП орталық аппаратының ғимаратында өткен. Мемлекет басшысы мұнда келгеннен кейін Республикалық қоғамдық штабтың жұмысымен танысты.

Кездесу барысында Республикалық қоғамдық штабтың жетекшісі Н.Нығматулин, "Иділет" демократиялық партиясының төрағасы М.Нәрікбаев, "Нұр Отан" ХДП Саяси кеңесі бюросының мүшесі С.Романовская, Республикалық штабтың мүшесі В.Зенченко сөз сөйледі. Бейнеконференция түрінде өткен кеңесте өңірлердегі штабтардың жетекшілері есеп берді. Кеңес барысында сайлауалды штаб жұмысының негізгі бағыттары талқыланды.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы атқарған жұмыстары үшін Республикалық штабтың мүшелеріне өз ризашылығын білдірді.

"Сіздер менің сенімді серіктестерімсіздер әрі нағыз жақтаушыларымсыздар. Осы жылдар ішінде сіздер мен жүргізіп келе жатқан бағытты қолдап келесіздер. Президенттік сайлау қарсаңында сіздер менің сенімді өкілдерім болдыңыздар", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Республикалық штаб орталықтағы және жергілікті жерлердегі іс-қимылды үйлестіруді жоғары деңгейде қамтамасыз етуге шақыратын, сайлау науқанын өткізуші негізгі орталық болып табылатынын атап өтті. Штабтың алдында сайлауды әділ және ашық өткізу міндеті тұр.

Президент атап өткендей, Қазақстан 20 жыл ішінде өзге елдер үшін ондаған жылды қажет ететін үлкен жолды жүріп өтті. Тиімді нарықтық экономика құрылды, әлеуметтік мәселелер шешімін табуда. Жиырма жыл ішінде экономика көлемі 13 есе артты, ЖІӨ деңгейі жан басына шаққанда 9 мың АҚШ долларына жетті. Тек соңғы 10 жыл ішінде кірісі ең төменгі күн көріс минимумынан төмен халықтың үлес салмағы 4 есе азайды. Он жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы 5 есе, дәрігерлердікі - 7 есе, зейнетақы - 6 есе өсті. Осы жылдарда 45 миллион шаршы метр тұрғын үй, 450 аурухана мен емхана, 750 жаңа мектеп салынды. Демократиялық саяси жүйе қалыптасты, көп ұлтты қазақстандық қоғамда бейбітшілік пен келісім орнықты. Қазақстан әлемнің барлық еліне танылды.

"Тәуелсіздік жылдары ішінде біз ел алдына қойған барлық мақсатқа қол жеткіздік. Одан әрі дамуымыз үшін жақсы база қалыптасты. Біздің жетістіктеріміз - маған қолдау білдіруге шақыратын жақсы үгіт-насихат. Сондықтан мен сайлауалды белсінді үгіт-насихат жұмысын жүргізбеу туралы шешім қабылдадым. Оның орнына мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін іске асыратын боламын. Мен биылғы Қазақстан халқына Жолдауымда атап көрсеткен міндеттердің орындалуы үшін күнделікті мемлекеттік істермен айналысамын. Бұл дұрыс шешім болғандықтан қазақстандықтар оны оң қабылдайды деп санаймын", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы үгіт-насихат науқанына арналған материалдық шығындар тек қана сайлау қорының аясында жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.

Президент сайлауалды кезеңде қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

"Барлық деңгейдегі әкімдердің назарын сайлау заңнамасын сақтау қажеттігіне аударамын. Мемлекеттік биліктегі барлық органдар тек өз істерімен айналысып, сайлау науқанына араласпауы тиіс. Бас прокуратураға заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз етуді, сайлау туралы заңнаманың бұзылған фактілері туралы шағымдар мен өзге де арыздарға жедел назар аударуды тапсырамын. Қандай да бір құқық бұзушылық орын алған жағдайда жедел тәртіп бұзудың жолын кесіп, ондай кезде қажетті принципшілдікті көрсетулері керек", - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Байланыс және ақпарат министрлігіне сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде үміткерлердің бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімділігін тең тұрғыда қамтамасыз етуді тапсырды. Ирбір үміткер радио мен телевидение арқылы өз сайлаушыларына бағдарламаларын насихаттауда тең құқықты иеленулері және өздерінің сайлауалды тұғырнамаларын кеңінен жария етулері қажет.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ сайлау науқанын бақылау және қоғамдық бақылау қамтамасыз етілуі тиістігін атап өтті.

"Біз ашық елміз. ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың және Ұйымның Астанадағы саммитінің арқасында жаңа достар таптық, оның ішінде мемлекет басшылары да бар. Сыртқы істер министрлігіне сайлауға мүдделі халықаралық ұйымдардан, партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден, бұқаралық ақпарат құралдарынан бақылаушылар шақыруды тапсырамын", - деді Президент.

Мемлекет басшысы сайлау науқаны кезеңінде жаппай үгіт-насихат іс-шараларының орнына халыққа болашақ дамуымыздың стратегиясын, негізгі басымдықтарын түсіндіруді ұйымдастыру бәрінен маңызды екенін атап өтті. Олар Қазақстан халқына Жолдауында, Мемлекет басшысының "Нұр Отан" партиясының съезінде сөйлеген сөзінде, 2020-Стратегиялық жоспарда айқын көрініс тапқан.

Бұл басымдықтар Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасының негізін құрайды. Онда "Қазақстанның болашағының образы" нақты қалыптастырылған. Негізгі басымдықтарға мыналар жатады:

- орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру, шағын және орта бизнесті қолдауды күшейту;

- таяу он жыл ішінде жұмыссыздық деңгейін 5 пайызға дейін, халықтың кедейшілігін 6 пайызға дейін төмендету;

- индустрияландыру аясында жүз мыңдаған жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу. Мемлекет азаматтарды жаңа мамандықтарға тегін оқыту бағдарламасын жүзеге асыратын болады;

- әр жыл сайын алты миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысын, бес жыл бойына 350 аурухана мен емхананың, 400 мектептің құрылысын қамтамасыз ету;

- 2020 жылға қарай орташа күтілетін өмір ұзақтығын 72 жасқа дейін және одан әрі ұлғайту. Халықтың саны 18 миллион адамға жақындайды, ана мен бала өлімі екі есеге азаяды;

- барлық балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуы, қазақстандық ЖОО-ның деңгейінің артуы әлемдік стандарттарға сай болады;

- аграрлық секторда еңбек өнімділігі артып, ет өнімдерінің экспорты оны арттыру жөніндегі бағдарлама мен ауыл шаруашылығын шағын кредиттеу бағдарламасын іске асыру арқылы 60 мың тоннаға жетеді;

- орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге қолжетімділік ауылдың 80 пайызын және шағын қалалардың 100 пайызын құрайды;

- 1400 шақырымға жуық жаңа темір жол желісінің құрылысы, республикалық деңгейдегі автомобиль жолдарының 16000-ға жуық шақырымының құрылысы жүргізіледі, әуе тасымалы нарығында бәсекелестік орта құрылады;

- "Самұрық-Қазына" қорының құрамына енетін ұлттық компаниялардың акцияларын халықтың арасында орналастыру бағдарламасы іске асырылады;

- халықтың қазақ тілін меңгеру деңгейін 95 пайызға жеткізу;

- саяси жүйені демократияландыруға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға арналған бағыт жалғасын табады. Парламент көппартиялы болуы тиіс;

- жауапты және белсенді сыртқы саясат, елдің қорғаныс қабілетін нығайту жалғасады.

Мемлекет басшысы бұл басымдықтардың өмірде нақты қолданылуы барша қазақстандықтардың өмірінде жағымды көрініс табатынын атап өтті.

"Міне, осыны халыққа түсіндіруді маңызды деп есептеймін. Қоғамды болашақ даму стратегиясына топтастыру қажет. Илеуметтік жаңғыртудың жаңа бағдарламасы халықтың қалауына жауап береді және оны әрбір әлеуметтік топтарға: бюджеттегілерге, бизнесмендерге, ауылдық тұрғындарға, әртүрлі ұлт өкілдері мен діни конфессияларға жеткізуде маңызы зор. Ешкім де сырт қалмауы тиіс. Ирбір қазақстандық сайлауға қатысуы керек", - деп атап өтті Президент.

Жолдауда халықтың барлық буынына қолдау көрсету қарастырылған. Ауыл тұрғындарына - бизнес-жобаларына шағын кредит бөлу. Ал көмекті қажет ететін азаматтарды - мемлекет тарапынан оқыту және жұмыс беру. Шағын бизнеске - жеңілдетілген кердиттер беру.

Президент қазіргі уақытта жаңа тұрғын үй сатып алуға және салуға жаңа мүмкіндіктер барын атап өтті. Тұрғын үй құрылысы бизнесті жандандырып, мыңдаған қазақстандықтарға жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осының барлығы экономиканы одан әрі нығайту, әлеуметтік мәселелерді шешу, қазақстандық азаматтардың әл-ауқатын арттыру үшін қажет.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қоғамның бірлігін сақтау өте маңызды екеніне ерекше назар аударды. Қазақстанда әлеуметтік мәселелерді шешу және әл-ауқатты арттыру мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болған және солай болып қала береді.

"Біз көп ұлтты қазақстандық қоғамның бірлігі мен келісімін көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Бұл басты жетістігіміз, еліміз дамуының шарты. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде осылай болды, болашақта да солай бола береді. Мен бұл туралы қайталаудан ешқашан шаршаған емеспін, сондықтан бұл біздің мемлекетіміз үшін өте маңызды мәселе. Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылы біз Қазақстан халқының бірлігі күні - 1 мамырды жаңа форматта атап өтеміз. Бұған ерекше көңіл бөлу керек", - деп атап өтті Президент.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны