01.01.2012, 10:41 3926

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқын жаңа 2012 жылмен құттықтады

Елбасы "Жаңа жыл еліміздегі әрбір шаңыраққа шаттық сыйласын деп тілеймін! Ұлы Отанымызға жақсылығы мен мол игілігін ала келсін! Мереке құтты болсын!",- деп Қазақстан халқын жаңа 2012 жылмен құттықтады.

Астана. 1-қаңтар. Kazakhstan Today - ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқын жаңа 2012 жылмен құттықтады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін сыйы мен сынағы қатар келген ерекше жыл болды. Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойын атап өттік",- деп мәлім етті елбасы.

"Астана мен Алматыда Азиада алауы тұтанып, аспан түсті жалауымыз жоғарыдан желбіреді. Елордада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының мерейтойлық саммиті өтті. Сырттағы ағайынға сауын айтып, Дүние жүзі қазақтарының ІV құрылтайын өткіздік. Еліміздің абыройы асқақтап, Ислам ынтымақтастығы ұйымының тізгінін ұстадық. Илеуетіміз артып, ел қамбасы мол ырысқа толды. Бұл жылдың еншісінде өркенімізді өсірген өзге де жақсылықтар аз емес. Биылғы Президент сайлауында халқым маған ел тізгінін қайта сеніп тапсырды. Елбасы ретіндегі еңбегіме жоғары баға беріп, мерейімді тасытқан еліме шынайы алғысымды айтамын",- деді президент.

"Ардақты ағайын!

Мен біздің басты байлығымыз - берекелі бірлігіміз екенін ұдайы айтып келемін. Біз ежелден елдікті ардақтаған, байыпты қалпы мен салиқалы салтын сақтаған жоралы жұртпыз. Татулық пен тұрақтылық арқылы біз биік белестерді бағындырдық. Ырысты ынтымағымыз жарасты болса ұлағатты ұлт ретінде алар асуларымыз әлі алда. Алдымыздағы жыл - жаңа дәуірдің басы. Жаңа жылда біз Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығының парағын ашамыз. Біз алдағы кезеңге ізгі үмітпен, ерекше пейілмен, жақсы ниетпен қадам басамыз. Жаңа жыл - ең әуелі отбасылық мереке. Дана халқымыз "Отан отбасынан басталады" деп бекер айтпаған. Жаңа жыл еліміздегі әрбір шаңыраққа шаттық сыйласын деп тілеймін! Ұлы Отанымызға жақсылығы мен мол игілігін ала келсін! Мереке құтты болсын!",- деп Қазақстан халқын жаңа 2012 жылмен құттықтады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны