18.02.2008, 13:15 2728

ҚР ТЖМ бағалауынша, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 71 елдімекен су астында қалу қаупі бар аймаққа жатады

ҚР ТЖМ бағалауынша, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 71 елдімекен су астында қалу қаупі бар аймаққа жатады

Астана. 18 ақпан. "Қазақстан Бүгін" - ҚР ТЖМ бағалауынша, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 71 елдімекен су астында қалу қаупі бар аймаққа жатады. Бұл туралы бүгін ҚР ТЖМ-інде өткен баспасөз мәслихатында ТЖМ баспасөз қызметінің бас маманы Любовь Шапошникова мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Жедел есепке сәйкес, Шардара су қоймасынан секундына 800 текше метрден астам су жіберілген жағдайда Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 400 мың адам тұратын 71 елдімекен су ішінде қалуы ықтимал. Ондай жағдайда 200 мың адамды көшіру қажет болмақ", -деді Л. Шапошникова.

"ТЖМ мәліметінше, қазіргі жағдаймен Сырдарияның жағалауын бойлай ахуал күрделі күйінде қалып отыр, Шардара су қоймасының толу қарқыны қазір былтырғымен салыстырғанда жоғары. Су қоймасына жоспарланған шамадан секундына 540-600 текше метрге артық су келуі алаңдаушылық тудырып отыр", -деді ол.

Дегенмен, оның мәліметінше, әзірге Сырдариядағы мұз қабаты өзгермеген. "Оңтүстік Қазақстан облысында мұздың қалыңдығы 20 - 30 сантиметрді, Қызылорда облысында 30 - 70 сантиметрді құрап отыр", - деді Л. Шапошникова.

"Өзендегі мұзатқы Шардара ауданындағы Қазақстан елдімекенінен, су қоймасынан 60 шақырым жерде басталуда. Бұл жерлерде кей тұстарда ені 70-80 шақырымға дейін жететін ашық су ағыны учаскелері байқалуда", - деді ол.

Л. Шапошникованың айтуынша, Сырдария бассейнінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ТЖМ-нің 4650 адамы мен 1016 техникасынан, соның ішінде 2 тікұшақ пен 1 ұшақтан құралған жедел топ жасақталды. "Зардап шеккен 1000 тұрғынға жедел көмек көрсететін лагерь дайындалды, өзен суының деңгейі көтерілу қаупі ахуалын болжау және мониторинг жүргізу үшін "Қазгидрометтің" 11 гидрологиялық посты, сондай-ақ, "Қазселден қорғау қызметінің" 15 уақытша гидропосты мен 61 уақытша бақылау посты құрылды", - деді ТЖМ өкілі. "Бұл посттар тәулік бойы жұмыс істеп, су деңгейі мен бөгеттердің ахуалына ауық-ауық тексерулер жүргізіп отырады. Гидротехникалық қорғаныс құрылғыларын қосымша 9 оперативтік топ та тұрақты зерттеп отырады", -деді ол.

"Бөгеттер мен басқа да жағалауды қорғау құралдарын тұрғызу, қалпына келтіру, нығайту бағыттарында шұғыл жұмыстар жүргізілуде. 14 ақпандағы жағдаймен қазіргі бар жағалауды қорғаушы бөгеттердің 7 шақырымы нығайтылып, жаңадан 1 шақырымы тұрғызылды", -деді баспасөз хатшысы.

"12 жарғыш топ құрылды", -деді Л. Шапошникова. Сонымен бірге, ҚР ТЖМ, ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен ҚР Қорғаныс министрліктерінің ықпалдастық жоспарына сәйкес, осы мекемелердің арнаулы автокөліктері мен тікұшақтары барлау, құтқару және көшіру жұмыстарын жүргізу, төтенше жағдайлар болуы мүмкін аймақтарда құтқарушылардың іс-әрекеттерін инженерлік қамтамасыз ету мақсаттарына арнап дайындық жағдайына көшірілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны