16.04.2013, 12:53 3112

ҚР Үкіметі "Болашақ" халықаралық бағдарламасын іске асыру мәселелерін қарады

БҒМ басшысының хабарлауынша, 1994-2013 жылдар аралығында 9250 стипендия тағайындалды. Бүгінгі күнге 2796 стипендиат әлемнің 33 елінде білім алуда.

Астана. 16-сәуір. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Премьер-Министрі С.Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында "Болашақ" халықаралық бағдарламасын іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов баяндама жасады.

БҒМ басшысының хабарлауынша, 1994-2013 жылдар аралығында 9250 стипендия тағайындалды. Бүгінгі күнге 2796 стипендиат әлемнің 33 елінде білім алуда.

Б.Жұмағұлов "Бүгінде түлектердің 20%-дан астамы мемлекеттік секторда жұмыс істесе, ұлттық компанияларда-21%, жекеменшік компанияларда-55%, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарда-4% еңбекпен қамтылған",- деп деректерді алға тартты.

Министрдің пікірінше, магистрлер мен PhD докторларын даярлауға бағытталған және академиялық, ғылыми мобилдік шеңберде стажировкадан өтуге және түлектерді жұмыспен қамтуға қатысты Бағдарламалар курсын одан әрі жалғастыру қажет.

"Бұл үшін кадрлар дайындаудың бағдарламалы-мақсатты әдісі енгізілді. 2011 жылдан бастап мамандарды даярлау мақсатты тапсырыстар бойынша жүзеге асырылады", - деп баяндады Б.Жұмағұлов.

БҒМ басшысы бағдарламаға қатысуға өңірлердегі үміткерлердің мүмкіндіктері артып отырғанын атап өтті.

"2005-2010 жылдары Алматы мен Астана қалаларынан үміткерлер орташа 75% құрады, ал, енді "Болашақ" стипендиясына құжаттар қабылдау мемлекеттік қызметтер тізіміне енгізілді. Азаматтар құжаттарды электрондық Үкімет порталы мен халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы тапсыра алады. Нәтижесінде аймақтардан үміткерлердің қатысу үлесі 2011 жылы 39%-ға дейін 2012 жылы 47%-ға артты", - деді министр.

БҒМ басшысының айтуынша, бүгінгі күні "Қазақстан-2050" Стратегиясы мақсаттарын жүзеге асыру, атап айтқанда, экономика талабына сай өңірлерді білікті мамандармен қамтамасыз ету міндеттерін орындау қажет.

Бұл үшін БҒМ орталық атқарушы органдармен бірлесіп, жыл сайын өңірлердің мамандар қажеттілігі бойынша мақсатты тапсырыстарын қалыптастыратын болады.

"Болашақ" бағдарламасының тиімділігін арттыру мақсатында еліміздегі зәру мамандықтар бойынша мақсатты топтар ұйымдастыруға бағыт алынбақ. Елдегі сұранысты толық қанағаттандыру үшін мамандықтардың атауына ғана емес, даярлау мазмұнына да назар аударуымыз керек", - деді Б.Жұмағұлов.

Отырыста сонымен қатар, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Ибденов, "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Ө.Шөкеев, "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ президенті С.Нұрбек сөйледі.

Талқылау қортындысы бойынша Премьер-Министр өкілетті органдарға "Болашақ" халықаралық бағдарламасы түлектерін жұмыспен қамту бойынша және еңбек нарығындағы нақты сұраныстар мен экономиканы дамытудың басымдықтарын есепке ала отырып, кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

"Болашақ" стипендиясын тағайындау - Мемлекет басшысының маңызды тарихи шешімі. Бұл білім саласы бойынша Қазақстанның үлкен жетістігі. Бүгінде мыңдаған "болашақтықтар" экономиканың түрлі салаларында жемісті еңбек етуде. Сондықтан, сапалы білім алуға ұмтылған дарынды жастарды қолдау одан әрі жалғасатын болады", - деп сөзін түйіндеді С.Ахметов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны