01.07.2013, 16:41 5783

ҚР Үкіметі тауар нарықтарындағы бәсекелестікті қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерін қарады

Рыноктарға бірдей қолжетімдікті қамтамасыз ету бойынша, оған келтіретін кедергілерді анықтау шаралары туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Б.Қуандықов баяндады.

Астана. 1-шілде. Kazakhstan Today - ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тауарлы рыноктардағы бәсекелестікті қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Рыноктарға бірдей қолжетімдікті қамтамасыз ету бойынша, оған келтіретін кедергілерді анықтау шаралары туралы ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Б.Қуандықов баяндады.

Оның дерегі бойынша, 2012-2013 жылдары Агенттік тауарлы рыноктарға 50-ден астам талдау жүргізді, оның қортындылары темір жол, фармацевтік салалар, жылу-энергетикалық кешен, телекомунникациялық секторда бәсекелестіктің жеткіліксіз дамуын көрсетеді. Нәтижесінде салалық мемлекеттік органдарға 63 ұсыныс енгізіліп, оның 13-і орындауға қабылданса, 16-сы қаралу үстінде.

"Бәсекелестіктің дамуын тежейтін, негізгі жүйелік проблемалар бар. Олардың қатарына әдетте бәсекелестікті тежейтін жетілмеген заңдар, сондай-ақ кәсіпкерлік жұмыстарға мемлекеттің негізсіз қатысуы жатады", - деді Б.Қуандықов.

Бұл мәселелерді шешу үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігіне нормативтік-құқықтық реттеу тетіктерін жетілдіру және монополияға қарсы реттеу, кәсіпкерлік жұмыстарға мемлекеттің негізсіз қатысуын қысқарту, экономикалық белсенділікті ынталандыру бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыру ұсынылды.

Аталған мәселелер бойынша, сондай-ақ ҚР вице-премьері - өңірлік даму министрі Б.Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қ.Келімбетов, ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев сөйледі.

Талқылауды түйіндей келе, С.Ахметов соңғы екі жыл бойына, Қазақстан, Ресей және Беларустің монополияға қарсы заңнамаларын ортақ түсінікке келтірудегі маңызды құжат болатын бәсекелестік туралы Моделдік Заңның кең көлемде талқыланып келе жатқанын атап өтті.

"Сонымен бірге, бәсекелестікті дамыту бойынша ұлттық заңнамаларды да жетілдіру қажет. Монополияға қарсы ведомство жүргізген талдау, республика экономикасының көпшілік сегменттерінде бәсекелестік дамуының жеткіліксіздігін көрсетеді. Бұның ішінде мемлекеттік сатып алулар, темір жол, фармацевтік салалар, жылу-энергетикалық кешен, телекоммуникациялық секторда, сондай-ақ қолданыстағы рұхсат беру мен келісу жүйесіндегі бәсекелестікті дамытудың жеткіліксіздігі бар",-деді С.Ахметов.

Осыған орай, Үкімет басшысы БҚА-не ұлттық мүдделердің сақталуы есепке алынған бәсекелестік туралы Моделдік заңның мәтінін келісу бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Бұдан басқа, Қаржы министрлігіне ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау, Көлік және коммуникациялар министрліктері, ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Бәсекелестікті қорғау агенттігінің "Мемлекеттік сатып алулар туралы" заңының Заң нормаларын жетілдіру тармағын, сондай-ақ заңнаманың "реттемелі рыноктар" тармағы, рынок субьектілерінің Мемлекеттік тізілімін жетілдіру туралы, табиғи монополиялар субьектілерінің реттелмелі қызметтерінің тізбесі мен ЭЫДҰ мекемелері туралы Конвенцияға қосылу бойынша Жол картасын дайындау жөніндегі ұсынысын қарауды тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны