21.02.2014, 19:18 3708

ҚР Үкіметінде әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері, коммуналдық қызметтер және жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өтті

ҚР Үкіметінде әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері, коммуналдық қызметтер және жанар-жағармай бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өтті

Алматы. 21 ақпан. Kazakhstan today. Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев әлеуметтік маңызы бар тауар түрлеріне, коммуналдық тарифтерге бағаларды тұрақтандыру, көктемгі су тасқынына әзірлік мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.

Премьер-Министрдің ресми порталы хабарлағандай, кеңесті ашқан Б. Сағынтаев қазіргі таңда өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаның негізсіз өсуін болдырмау бойынша күнделікті жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Аталмыш мәселеге байланысты орталық мемлекеттік органдар басшылары мен облыстар және Астана мен Алматы қалаларының әкімдерінің есебі тыңдалды.

"20 ақпандағы жағдай бойынша Бәсекелестікті қорғау агенттігі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша монополияға қарсы заңнаманы бұзған 49 нарық субъектісіне қатысты 14 тергеуді бастады", - деп хабарлады монополияға қарсы ведомство төрағасының орынбасары Тимур Баймұқанов.

Оның айтуынша, алыпсатарлық өсімге жол бермеу мақсатында агенттік ірі бизнес субъектілеріне 900-ден астам хат жіберген.

Мұнай және газ вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев тұтастай республика бойынша жанар-жағармай бағасы өзгермегенін, таяу уақытта да көтеру болжанбайтынын хабарлады.

Облыс әкімдіктері бірқатар өңірлерде жекелеген тауар түрлеріне бағаны көтергендер бар екендігін айтты. Сонымен қатар, олар азық-түлікке байланысты дүрлікпе мен тапшылық байқалмайды деп сендірді.

Осыған байланысты Б.Сағынтаев әкімдіктерге сауда орындарында үздіксіз жұмыс істеуді қамтамасыз етуді, негізгі азық-түлік өнімдеріне және ЖЖМ-ға күнделікті баға мониторингін жүзеге асыруды тапсырды.

Ағымдағы су тасқыны жағдайы мен қолданылып жатқан шаралар туралы ҚР төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко, ҚОСРМ, ККМ өкілдері баяндады.

В.Божконың айтуынша, ТЖМ күштері су тасқынына дайын.

"Бізде жалпы адам саны 4500 адам, 830 техника бірлігі, азаматтық қорғаныстың екі полкі, құтқарушы отрядтар, апат медицинасы орталықтары дайындыққа келтірілді", - деп хабарлады ТЖМ басшысы.

Көктемгі су тасқынына әзірлігі туралы сондай-ақ облыс әкімдерінің орынбасарлары есеп берді.

"Бүгінгі таңда су тасқыны жағдайларында әрекет ету жоспарлары және мүдделі ведомстволар мен ұйымдардың су тасқыны кезіндегі өзара іс-қимылы жоспары әзірленді. Мүмкін бұзылу және су басудың әлеуеттік қауіп-қатерін тудыратын ірі су қоймаларының сыйымдылығын мониторингілеу жүзеге асырылуда", - деді Б.Сағынтаев.

Сонымен қатар, Қазақстан аумағындағы қардың жиналу процесі бірқалыпты жүрмейді. Қардың шектік нормаларынан асып кетуі Қостанай және Ақтөбе облыстарында байқалған, деп атап өтті бірінші вице-премьер.

"Ақпан-наурыз айларында жауын-шашын болған жағдайда немесе күн күрт жылынса су деңгейінің күрт көтерілуі, тасуы мүмкін", - деп басып айтты Б.Сағынтаев.

Осыған байланысты ТЖМ әкімдіктермен бірге су тасқыны салдарын жою бойынша күштер мен қаражаттардың әзірлігін тексеру, ҚОСРМ су тасқыны қаупін төмендету мен масштабтары бойынша ұйымдастырушылық және инженерлік-техникалық шаралар қолдану тапсырылды.

Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне елді-мекендердің қорғанысын, автокөлік және темір жолдардың, электр беру және байланыс желілерінің, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің сақталушылығын қамтамасыз ету, қорғаныс бөгеттерін нығайту және салу бойынша іс-шаралар жоспарларын жүзеге асыруды жалғастыру тапсырылды.

"Илеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру шаралары бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту бірінші кезектегі мәселе болып табылады. Сонымен бірге, өңірлер су тасқыны кезеңіне әзірлігі бойынша жүйелік шаралар қолданулары қажет", - деп түйіндеді Б.Сағынтаев.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны