21.01.2013, 10:49 3293

ҚР Үкіметінде ІҚМ етін экспорттау әлеуетін арттыру бағдарламасының 2012 жылы жүзеге асырылуын қарастырылды

Мәжілісті ашқан С.Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан сиыр етін экспорттау әлеуетін арттыру бағдарламасының шеңберінде өнімділігі жоғары мал импорты іске асырылып, аналық мал басын сатып алу үшін фермер қожалықтары несиелендірілуде, бордақылау алаңдары салынуда деді.

Астана. 21-қаңтар. Kazakhstan Today - ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте ІҚМ етін экспорттаудың әлеуетін арттыру бағдарламасының 2012 жылы жүзеге асырылуы қарастырылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Мәжілісті ашқан С.Ахметов Мемлекет басшысының тапсырмасымен елде екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан сиыр етін экспорттау әлеуетін арттыру бағдарламасының шеңберінде өнімділігі жоғары мал импорты іске асырылып, аналық мал басын сатып алу үшін фермер қожалықтары несиелендірілуде, бордақылау алаңдары салынуда деді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өз баяндамасында бизнестің бағдарламаға белсенді ат салысуда екенін, ал мемлекет жеңілдіктермен кредит беру және субсидиялау арқылы барлық жағдайды жасап отырғанын айтты.

"Бағдарламада 2016 жылға дейін 72 мың бас асыл тұқымды малды сатып алу көзделген. Мал әкелу жоспары асыра орындалуда. Екі жыл ішінде жоспардағы 22 мыңның орнына 30 мың бас мал әкелінген. 60 астам жаңа асыл тұқымды мал өсіру шаруашылықтары құралды", - деп хабарлады АШМ басшысы.

А.Мамытбеков сондай барлық облыстардың "Сыбаға" бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде жоғары белсенділік көрсетіп отырғанын атап өтті. 2012 жылдың қорытындысындағы нақты көрсеткіштер бойынша Алматы, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары үздік деп танылды.

Бұдан басқа, экспортқа бағытталған бордақылау алаңдарының құрылысы да белсенді жүргізілуде. 2 жыл ішінде 35 200 мал басына арналған бордақылау алаңы іске қосылған.

"Мемлекет тарапынан мал шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетудің барлық жағдайлары жасалуда. Біз қабылдайтын АӨК дамыту -2020 бағдарламасы шеңберінде қолдау көрсетудің бұрын болып көрмеген шаралары қарастырылады", - деді С.Ахметов.

"Біз іс жүзінде жаһандық кірігудеміз - Бірыңғай экономикалық кеңістіктеміз, Кедендік одақтамыз, тақауда ДСҰ кіреміз. Бізге енді баға бойынша ғана емес, сапа жағынан да бәсекелестікке қабілетті болуға дайындалуымыз қажет", - деп атап айтты ол.

Мәжіліс соңында С.Ахметов бағдарламаны жүзеге асыру барысы бойынша бірқатар облыс әкімдерін тыңдап, оларға аталған бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны