11.12.2012, 17:56 3620

ҚР Үкіметінде "Жұмыспен қамту -2020" бағдарламасының жүзеге асырылу қорытындылары мен перспективалары қарастырылды

"Жұмыспен қамту -2020" бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Ибденов баяндама жасады.

Астана. 11-желтоқсан. Kazakhstan Today - ҚР Үкіметінде "Жұмыспен қамту -2020" бағдарламасының жүзеге асырылу қорытындылары мен перспективалары қарастырылды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Жұмыспен қамту -2020" бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Ибденов баяндама жасады.

"Үстіміздегі жылы Бағдарламаға қатысуға тілек білдірушілер саны 66 % артты. Жасалған әлеметтік келісімдер саны 70% өсті. Аз қамтылған ауыл тұрғындары қатарынан Бағдарламаға қатысушылар көлемі екі есе артты", - деп хабарлады С.Ибденов.

Министрдің айтуынша, Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша (өз бетімен күн көруші, жұмыссыз және аз қамтылған халықты оқытып және жұмысқа орналастыру) жұмысқа орналастыру көрсеткіші де өскен.

"Кәсіби оқытумен 63 мыңнан астам адам қамтылған. Егер былтыр оқу бітіргендердің тек жартысы ғана жұмысқа орналастырылса, биыл 20 мыңнан астам адам, яғни 82 % жұмысқа ілікті. 2012 жылы әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасына 52 мың адам орналастырылды. Сонымен қатар, аталған жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілер саны 4 есе артты", - деп атап өтті Еңбек министрі.

Екінші бағыт шеңберінде (ауылда кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу) 6 мың адам бизнестің негіздерін оқып-үйреніп, 6,2 мың адам шағын несие алды. Несие қоры тиісінше 3,5 есе артып, 12,4 млрд. теңгеге жетті. Үшінші бағыт бойынша (еңбек ресурстарының жұмылдырылғыштығын арттыру) екі жыл ішінде 2 мыңнан астам адамның қоныс аудару арқылы жұмысқа орналастыруы іске асырылды.

Төртінші бағыт бойынша (ауылдық елді мекендерді дамыту) 2012 жылы ауылдарда 7 мыңнан астам жұмыс орыны құрылып, 4 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Илеуметтік сала мен ТКШ-ның 550 инфрақұрылымдық нысандарының құрылысы аяқталды.

С.Ибденов сондай-ақ бағдарламаны жүзеге асыру тетіктерін жетілдіру шаралары туралы да айтып өтті.

Премьер-Министр С.Ахметов министрдің сөзін қорытындылай келіп бірқатар нақты тапсырмалар берді.

"Талқылауларды есепке ала отырып, ЕХИҚМ мен басқа да мүдделі органдарға "Жұмыспен қамту бағдарламасы-2020"-ға тездетіп өзгерістер енгізуді тапсырамын. Қабылданған шаралардың тиімділігіне баса назар аударып, оған қатаң бақылау жасау қажет. Сонымен қатар, Бағдарламаның тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажет. Осы арқылы біз Бағдарлама қай тұста пайда әкелуде, ал қай тұста өз бетімен кетіп бара жатқанын көре аламыз", - деп баса көрсетті Премьер-Министр.

"Мемлекеттік қызмет көрстеулер туралы" заң жобасын таныстыра келіп, Экономикалық даму және сауда министрі Ерболат Досаев ондағы жаңалықтар туралы айтып өтті.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету стандартын тұңғыш рет ашық талқылау қарастырылды, ол енді мемлекеттік органның интернет-ресурсында, "электрондық үкіметтің" веб-порталында орналастырылады. Кез-келген қызмет көрсетуді тұтынушы (тұтынушы) мемлекеттік органдарға өз ескертпелері мен ұсыныстарын енгізе алады.

Заң жобасында, сондай-ақ қоғамдық мониторинг, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылауды жүргізуге мүмкіндік жасалған.

Бұдан басқа, сотқа дейінгі шағым жасау тәртібі енгізілген. Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы бойынша келіспеушіліктерін тұтынушы жеткізушінің, қызмет көрсетушінің немесе уәкілетті органның атына өтініш жасау арқылы білдіре алады.

Заң жобасы мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын бекітуді мемлекеттік органдардың жүргізуіне беру арқылы Үкіметтің өкілеттілігін орталықтандырмауды ұсынады. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын жеделдету жөніндегі жұмысты едәуір оңайлатып, оның сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет мүшелері аталған заң жобасын бекітті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны