14.10.2011, 14:57 4706

ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы 1 млрд теңге жымқырды деп айыпталуда

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков пен оның орынбасары Бақытбек Нақыпбековке және агенттіктің ведомствалық кәсіпорындарының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеуде.

Астана. 14-қазан. Kazakhstan Today - ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы 1 млрд теңге жымқырды деп айыпталуда, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

BNews.kz ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков пен оның орынбасары Бақытбек Нақыпбековке және агенттіктің ведомствалық кәсіпорындарының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі тергеуде.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, аталмыш азаматтарға бюджеттен Каспий теңізінің қазақстандық секторының теңіз картасын жасау үшін бөлінген 1 миллиард теңгеден астам қаржысын талан-таражға салды деген күдік келтіріліп отыр. Аталған қаржы теңіз картасын жасау бойынша жұмыстардың бөлігін екі рет қаржыландыру жолымен және "Қазгеодезия" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны филиалдарының, онымен байланысты кәсіпорындар мен жалған фирмалардың есеп-шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдыру арқылы ұрланған.

Ө.Өзбеков пен Б.Нақыпбековке қызмет бабын пайдалану арқылы ірі мөлшердегі бюджет қаражатын талан-таражға салды деген айып тағылды. Жасы мен қоғамнан толық оқшаулау қажеттігінің жоқтығын ескеріп, Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өзбековке қатысты "үйде қамап ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулы шығарылды. Ал Б.Нақыпбеков сот санкциясымен қамауға алынды. Сонымен бірге бюджет қаражатын ұрлады деген айыппен "Қазгеодезия" Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Қайымбеков сот санкциясы негізінде қамауға алынды. Сондай-ақ оның орынбасары Қыланова - үй қамауында жатыр. Бұған қоса Республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының "Жамбылгеодезия" филиалының директоры Якубов және Республикалық картографиялық фабрикасының директоры Барвиттен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды. Тергеу барысында агенттіктің аталған және басқа да лауазымды тұлғаларының заңсыз іс-әрекеттерінің өзге де фактілері бойынша құқықтық баға беріледі

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны