21.05.2009, 19:05 2796

Лауазым иелерінің өз бизнесінің пайдасы немесе пайдакүнемдікпен біреулердің мүддесін қолдау мақсатындағы іс-әрекеттері әшкереленді - Бас прокуратура

Лауазым иелерінің өз бизнесінің пайдасы немесе пайдакүнемдікпен біреулердің мүддесін қолдау мақсатындағы іс-әрекеттері әшкереленді - Бас прокуратура

Астана. 21 мамыр. "Қазақстан Бүгін"- Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының мемлекеттік экономикалық мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде өз бизнесінің пайдасы немесе пайдакүнемдікпен біреулердің мүддесін қолдау мақсатындағы іс-әрекеттері әшкереленді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

Бас прокуратураның хабарлауынша, ҚР президентінің тапсырмасы бойынша прокуратура органдары мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының мемлекеттік экономикалық мәселелер бойынша шешімдер қабылдау кезінде өз бизнесінің пайдасы немесе пайдакүнемдікпен біреулердің мүддесін қолдау мақсатындағы іс-әрекеттері фактілері тексерілді.

С.Нұрпейісовтың айтуынша, тексеру жүргізудің алдында прокурорлар азаматтардың осындай фактілер көрсетілген шағымдарына, бұқаралық ақпарат құралдарының мақалаларына талдау жүргізді. Талдау нәтижесі бойынша жүргізілген тексерулер лауазымды адамдардың өзінің және басқа адамдардың бизнесіне әсіресе мемлекеттік сатып алу саласында қолдау жасау және сол мақсатта заңды тұлғаларға кедергі келтіру және басқа мемлекеттік органдары қызметіне заңсыз араласу фактілерін анықтады.

Мысалы, Ақмола облыстық әкімшілігі аппаратының сәулет, қала салу және жер қатынастары басқармасының қызметіне жетекшілік ететін бас маманы Байсеуіпов қызметтік өкілеттігін пайдаланып, өз анасына жер учаскесін беру мәселесін оп-оңай шешкен. Байсеуіповтің осы заңсыз әрекеттерінің кесірінен осы жер учаскесі жөнінде 2 ай бұрын өтініш берген адамның құқығы бұзылды. Прокуратураның наразылығы бойынша Байсеуіповке сөгіс жарияланды.

Бас прокуратураның хабарлауынша, Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында Қызылқия ауылдық округінің әкімі Мәмбеталиев қызметтік өкілеттігін теріс пайдалана отырып, пайдакүнемдік мақсатында "Мақсат-келешек" шаруа қожалығының 7,2 млн теңге заңсыз субсидия алуына жәрдемдескен, ал бұл шаруашылықтың қожайыны оның әйелі Пайзиева болып шықты. Прокурорлық тексеру материалдары бойынша қаржы полициясы Мәмбеталиевке қатысты қылмыстық іс қозғады.

Ресми өкілдің мәліметінше, Ескелді ауданының Сәулет бөлімінің бастығы Мәмешев қызметтік өкілеттігін теріс пайдалана отырып, қала салу және жерге орналастыру саласындағы мемлекеттік қызметтердің бір қатарын "Дизайн Сервис 2005" серіктестігіне берген, ал оның құрылтайшылары оның ұлы және бажасы болып шықты. 2 жыл бойы бұл серіктестік 10 млн астам теңге пайда тапқан. Прокурорлық тексеру материалдары бойынша қаржы полициясы Мәмешевке қатысты ҚР ҚК 307-бабының 2-бөлімі бойынша (Қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану) қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта бұл істер тергелу үстінде.

"Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданындағы Талдықұдық ауылдық округінің әкімі Асқаров халықты жұмыспен қамтамасыз ету бөлімінің есебінде тұрған жұмыссыз жүрген адамдарды "Ерғазы" шаруа қожалығының асханасының ғимаратын жөндеуге тартқан. Ал олардың еңбек ақысы бюджет қаражатының есебінен төленген. Бұдан басқа, ол Талдықұдық кенішінің мәдениет үйінің аумағын қоршау жөнінде жұмыс жүргізілді деген жалған актілерді рәсімдеп, аталған шаруа қожалығына бюджеттен заңсыз 75,5 мың теңге төлеген.Тексеру барысында іс жүзінде бұл ауыл шарушылығының иесі Асқаровтың өзі болып шықты, оны басқару інісі Ж.Асқаровқа, ал кейін анасы жағынан туыс болып келетін Г.Чикаловқа көз алдау үшін рәсімделіп қойылған. Қазталов ауданының сот үкімімен Е.Асқаров ҚР Қылмыстық Кодекстің 307-бабының 3-бөлімі, 310-бабының 2-бөлімі, 314-бабының 3- бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік органдарда 6 жыл жауапты қызметте жұмыс істеуге тиым салынып, 4 жылға шартты түрде сотталды,- деді С.Нұрпейісов.

Ал, қадағалаушы мекеменің хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында Покровский орта мектебінің директоры М.Наточий аудандық қаржы бөлімі арқылы "Вектор" ауыл шаруашылығына мектеп балансында тұрған ауылшаруашылық техникасын, қойма және бұрынғы қазандық үйін жалға берді, ал бұл шаруа қожалығының басшысы оның әйелі Л.Наточий. Ал аталған техника мен нысандарға,яғни 4 ауылшаруашылық техникасына - 4 041 теңге және үй- жай үшін 2 556 теңге ғана жалға алу ақысын қойған, осы болмашы соманың өзі жергілікті бюджетке түспеген.

"Прокурорлық наразылығы негізінде М.Наточий мектеп директоры қызметінен босатылып, ал Есіл ауданының қаржы бөлімінің бастығы Сатыбалдиноваға қатаң сөгіс жарияланды",- деді ресми өкіл.

Өз туыстары мен басқа адамдардың мүдделерін қолдау фактілерінің көбі мемлекеттік сатып алу саласында кездесті, дейді С.Нұрпейісов.

Мәселен, Қостанай облысындағы Алтынсарин ауданы әкімдігінің білім беру бөлімінде мемлекеттік сатып алудың жеңімпаздарын қолдан белгілеу фактілері анықталды.

2008 жылдың 15 тамызында бұл бөлім "Нуреком Лтд" серіктестігімен интерактивті оқу үшін жабдықтар алуға 1,2 млн теңгеге келісімшарт жасасқан. Ал жеңімпаз заңды тұлғаның бағалық ұсыныстары 2008 жылдың 29 тамызында берілген.

Бұрынырақ дәл осы бөлім кәсіпкер В.А.Зелинский дегенмен 2,4 млн, теңгеге жиһаз алу үшін келісімшарт жасасқан. Тексеру барысында басқа да балама жеткізіп беруші мекемелердің басшысы немесе құрылтайшысы да осы адам екендігі анықталды. Прокуратураның ұсынысы бойынша бөлімнің бас есепшісі Бопатаеваға қатаң сөгіс берілді, деді ресми өкіл.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны