22.07.2022, 17:24 50511

МҚІА: қанағаттанарлықсыз баға алған мемлекеттік қызметшілер төмендетіледі

МҚІА: қанағаттанарлықсыз баға алған мемлекеттік қызметшілер төмендетіледі
Сурет: Depositphotos
НҰР-СҰЛТАН. 22 ШІЛДЕ - Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде Дархан Жазықбаевтың төрағалығымен 2022 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындылары бойынша отырыс өтті, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Отырыста Агенттік қызметінің барлық бағыттары бойынша жұмыс қорытындылары талқыланып, жылдың соңына дейінгі міндеттер айқындалды.
 

Агенттік ағымдағы жылғы 11 қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндеттерді іске асыру бойынша жұмыстар жүргізді. Мемлекеттік аппаратты одан әрі кәсібилендіру Агенттік басымдықтарының бірі болып қала береді. Іріктеу жүйесін жетілдіру және мемлекеттік қызметтен "шығу" тәртібін жеңілдету жөніндегі жұмыс жалғасуда. Мемлекеттік қызметтегі кадрларды іріктеу мен ілгерілетуде меритократия қағидаттарына негізделген ашық, ең бастысы әділ жүйені қалыптастыру маңызды міндет болып отыр", – деді Агенттік Төрағасы Дархан Жазықбаев отырыс барысында.

 
Цифрлық және мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетіне тестілеуді, құзыреттер бойынша әңгімелесуді, эссе жазуды және бейінді тестілеуден өтуді қамтитын жаңа тәсілдер қарастырылады. Бұл ретте іріктеу процесінің ашықтығы мен клиентке бағдарлануы конкурстық рәсімдерді толық цифрландыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.
 
Кейбір лауазымдарға мемлекеттік қызметке кіру тәртібін жеңілдету қарастырылуда. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтен "шығу" бойынша тәртіп оңтайландырылады. Тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына енгізілді.
 
Бағалау институтын жетілдіру аясында Агенттік оны іске асыру бойынша жаңа тәсілдерді әзірледі. 360 әдісі бойынша құзыреттерді бағалау бұл тәсілдердің жарқын үлгісі (сауалнама арқылы).
 
Жаңа тәсілдердің арқасында бағалау барынша жеңілдетіледі және толық автоматтандырылады. Бағалаудың әртүрлі субъектілері (басшылар мен орындаушылар) үшін бағалаудың саралау тәсілдері қолданылатын болады.
 
Мемлекеттік қызметшілерді бағалауды тоқсан сайынғы негізде жүзеге асыру жоспарлануда, оның нәтижелері меритократия қағидаты бойынша мансаптық ілгерілету кезінде пайдаланылады. Осылайша, қатарынан 4 тоқсан бойы жоғары баға алған қызметшілерді тікелей қызметке тағайындау көзделуде. Белгілі бір қызметкерлерді жылжыту мақсатында бағалау кезінде формализмді болдырмау үшін мұндай тағайындау Агенттікпен келісіледі. Сонымен бірге, қатарынан 2 тоқсан қанағаттанарлықсыз баға алған қызметкер лауазымы төмендетіліп, ал бос орын болмаған жағдайда жұмыстан шығарылу мәселесі қарастырылуда.
 
Кәсібилендірудің, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық бұзушылықтарының алдын алудың маңызды құралдарының бірі мемлекеттік қызметшілерді уақытылы ротациялау болып табылады. Міндетті ротация қолданылатын тұлғалардың тізбесі кеңейтілуде. Ротацияға жататындар қатарына "А" және "Б" санаттары тобының лауазымдары енгізілетін болады.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны