Система Orphus

Мәжіліс екінші оқылымда қазақстандықтардың әлеуметтік қамсыздандыруын жақсартатын заң жобаларын мақұлдады

14.11.2019, 19:52 17362

Алматы. 14 қараша. Kazakhstan Today - Мәжіліс екінші оқылымда қазақстандықтардың әлеуметтік қамсыздандыруын жақсартатын заң жобаларын мақұлдады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында палата депутаттары екінші оқылымда "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобаларын қарап, мақұлдады.

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы тапсырмаларын орындау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген бірінші заң жобасы еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдер арасындағы байланысты нығайтуға, сонымен қатар 2020 жылдан бастап орташа әлеуметтік төлемдердің өсуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Құжатта еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу және жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде қолданылатын параметрлер қайта қаралды. Бұл төлемді орташа есеппен 30% - ға арттыруға мүмкіндік береді.

Заңның екінші жобасы көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізуді, атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі - АӘК) көрсету механизмдерін жетілдіруді және табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілді әлеуметтік пакет енгізуді көздейді.

Осылайша, заң жобасында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар отбасыларға немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу нысанындағы студенттерге мемлекеттік жәрдемақы төлеу ұсынылады. Бұл жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде тағайындалады: 4 балаға - 42 496 теңге; 5 балаға - 53 127 теңге; 6 балаға - 63 757 теңге; 7 балаға - 74 388 теңге.

АӘК көрсетудің жаңа тәсілдері мыналарды көздейді: атаулы әлеуметтік көмекті тоқсан сайын тағайындау; АӘК тағайындау үшін қолданыстағы шекті өлшем шартты сақтау - отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табыс ең төмен күнкөріс деңгейінен 70% - дан кем болмауы тиіс; отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшерін жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегі арасындағы айырма ретінде айқындау; еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптарды күшейту, олар жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда АӘК төлемі бүкіл отбасына тоқтатылады; бұл процессте учаскелік комиссиялардың рөлін күшейте отырып, отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу мерзімін 3-тен 7 күнге дейін ұлғайту.

Кепілді әлеуметтік пакетті ұсыну шеңберінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасыларының балаларын азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп формасымен қамтамасыз ету ұсынылады, сондай-ақ оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Бұдан басқа, заң жобасында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосылатын әлеуметтік қызметтер порталында тіркелген орташа бағалар шегінде техникалық оңалту құралдарының (бұдан әрі - ТОҚ) құнын өтеу тетігін енгізу көзделген. Бұл ретте мүгедектігі бар адамдар неғұрлым қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдау кезінде айырмашылықты дербес төлеу мүмкіндігін алады.

Портал құру ТОҚ және арнайы әлеуметтік қызметтерді ұсынуға арналған бизнес-процестерді тағайындау үшін проактивті формат арқылы 8 айдан 1-2 аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Портал қызметтер мен оңалту қондырғыларының оларды алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмеу мәселелерін шешеді, өйткені мүгедектігі бар адамдар өздеріне қажет тауар мен қызмет түрін өз бетінше таңдай алады.

Үздіксіз жеткізілімді қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға оңалту тауарлары мен қызметтері балама негізде - портал арқылы және қолданыстағы мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүйесі арқылы ұсынылатын болады. Портал арқылы проактивті форматқа толық көшу 2021 жылы көзделген.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

При использовании информации, гиперссылка на информационное агентство Kazakhstan Today обязательна.

Комментарии

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны