ҚМА жалған хаттар арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті
Сурет: Depositphotos
Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі ведомство атынан жіберілетін жалған ресми хаттарды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті. Осындай кезекті хатты алаяқтар мемлекеттік органға жолдаған, деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметінен.
Мемлекеттік органға жолданған хатта қаскөйлер тексеру жүргізіліп жатқанын алға тартып, азамат туралы мәліметтерді, соның ішінде оның мінездемесі мен өзге де ақпаратты сұратқан.
Бұған дейін де алаяқтар осыған ұқсас тәсілді қолданған. Олар жалған хаттарды жібергеннен кейін азаматтарға телефон немесе мессенджер арқылы хабарласып, өздерін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстырған. Түрлі сылтаумен азаматтардың жеке және банк деректерін алуға тырысқан немесе ақша бопсалаған.
Агенттік ҚМА қызметкерлері телефон арқылы банк шоттарының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейтінін атап өтті. Ведомство сондай-ақ, құжатта логотип, мөр немесе қолтаңба бар екеніне ғана сүйеніп, оған сенуге болмайтындығын ескертті.
Күдікті хат алған жағдайда оның шынайылығын Агенттіктің ресми байланыс арналары арқылы тексеруді және бейтаныс адамдарға жеке және банктік деректерді бермеуге кеңес береді.
Ақпаратты ҚМА-ның 1458 нөмірі бойынша call-орталығынан немесе +7 (7172) 70-84-79 телефоны арқылы кезекші бөлімнен тексеруге болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

