24.04.2009, 16:26 4963

Маңғыстау облысында Құрық кенті әкімінің Каспий теңізінің табанындағы жерді сату жөніндегі шешімінің күші жойылды

Маңғыстау облысында Құрық кенті әкімінің Каспий теңізінің табанындағы жерді сату жөніндегі шешімінің күші жойылды

Астана. 24 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Маңғыстау облысының Қарақия аудандық прокурорының қарсылығы бойынша Құрық кенті әкімінің Каспий теңізінің табанындағы жерді сату жөніндегі шешімінің күші жойылды, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігі ҚР Бас прокуратурасының хабарламассына сілтеме жасап.

"Маңғыстау облысының Қарақия аудандық прокуроры жер заңнамасының қолданылуын тексеру барысында Құрық кенті әкімінің су және жер кодекстерінің талабын бұза отырып, 2008 жылдың 29 шілдесінде Каспий теңізі табанындағы 16,7 гектар жер телімін "Ерсай Каспиан Контрактор" ЖШС-іне 48 млн 182 мың теңгеге сату жөнінде шешім қабылдағанын анықтады",- делінген хабарламада.

Қарақия аудандық прокурорының қарсылығы бойынша бұл шешімнің күші жойылған.

"Бірақ осыдан 1 айдан кейін Құрық ауылының әкімі теңіз түбіндегі жер телімін "Ерсай Каспиан Контрактор" ЖШС-іне 49 жылға жалға беру туралы шешім шығарған",- делінген хабарламада.

Осы жылдың 27 ақпанында аудан прокуроры жер телімін жалға беру туралы шешімді заңсыз деп тану жөнінде қарсылық білдірген. Қарсылық қанағаттандырылды.

"Осы аталған заң бұзушылықтарды жою мақсатында аудандық прокуратура аудан әкіміне ұсыныс енгізді, соның негізінде ауыл әкімі мен жер бөлімінің бастығы сыбайлас жемқорлыққа қатысты тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - дейді Қарақия ауданының прокуроры Оңғали Сұлтанов.

Прокуратураның мәліметінше, Құрық ауылының аумағына кірмейтін жерді "Ерсай Каспиан Контрактор" ЖШС-іне бастапқыда сату, кейін оны жалға беру арқылы ауыл әкімі өзінің өкілеттілігі аясынан шығып кеткен.

Ал Қазақстанның Жер және Су кодекстеріне сәйкес, Каспий теңізінің Қазақстандық аумақтық суларының астындағы жерлер тек мемлекет меншігінде болуға тиіс.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны