04.05.2007, 17:34 3006

Маңғыстау облысында өзбекстандық екі әйел адам саудасы үшін жеті жылға бас бостандықтарынан айрылды

АҚТӨБЕ. 4-мамыр. Kazakhstan Today. Маңғыстау облысында өзбекстандық екі әйел адам саудасы үшін жеті жылға бас бостандықтарынан айрылды. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігіне батыс аймақтық көлік прокуратурасы бөлімінің прокуроры Арман Сабыров хабарлады.

"Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық соты республика аумағына адам әкеліп сату, оларды құлдану, қатарға алдап тарту мен тасымалдау қылмыстары үшін әйелдерді 7 жылға бас бостандықтарынан айырып, жазаны жалпы тәртіптегі абақтыда өтеуге кесті ",- деді А.Сабыров.

Прокурордың хабарлауынша, бір әйелді көліктегі Батыс ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері былтырғы желтоқсан айында Маңғыстау облысының Бейнеу станциясында жеңгетайлық жасағаны үшін қолға түсірген. "Ол мүдделі адамдарға өзбек қыздарды ұсынған. Тінту кезінде одан төсек ләззаты қызметін көрсетуге делдалдық жасағаны үшін алған 6 мың теңге табылып тәркіленді",- деді ол.

А.Сабыровтың айтуынша, тексеру барысында тәртіп сақшылары ұсталған әйелдің сыбайласы өткен жылдың қараша айында Өзбекстанның Нукус қаласынан "төсек ләззаты қызметін көрсетуге пайдалану мақсатында" екі өзбек қызды алып шығып, оларды Қазақстанға жеткізіп, құжаттарын тартып алғанын анықтады. "Қыздарға даяшы немесе сатушы ретінде жұмыс істеп, ай сайын 30 мың теңге жалақы төленеді деген уәде берілген. Алайда, Қазақстаға келген соң Өзбекстан азаматтарын жыныстық құлдыққа сатып жіберген",- деді прокурор.

Күдіктілердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің "құлдану үшін адамдарды алдап қатарға тарту жөніндегі" 128-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. А.Сабыровтың айтуынша, Бейнеу аудандық соты өткен аптада үкім шығарды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны