13.06.2006, 15:09 3050

Маңғыстау облысындағы үш компанияға шетелден жұмыс күшін тартуға берген рұқсаттың күші жойылды

АҚТАУ. 13-маусым. Kazakhstan Today. Маңғыстау облыстық прокуратурасы заңды тұлғалардың шетелдерден жұмыс күшін тарту тәртіптерін реттейтін заңдар мен басқа да құқықтық актілердің қолданылу жағдайын тексеру барысында бірқатар заң бұзу оқиғаларының бетін ашты. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Мәселен, прокуратураның мәліметіне сәйкес, “Қытайдың мұнай инженерлік-құрылыс тобының еншілес ұйымы” ЖШС-нің Ақтаудағы филиалындағы тексеру барысында кәсіпорынның қазақстандық қызметкерлердің (214 адамның 170-і) біліктілігін жетілдіруге шаралар қолданбағаны анықталды. Жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаментінің есебінде басқа сан көрсетілгеніне қарамастан, жергілікті 15 қызметкердің орнына 10 адам ғана оқытылған. Бұл 10 адам қарапайым жұмысшылар, олардың сегізі жылуизоляциясы мамандарын дайындайтын дәрісте оқыса, екеуі шығыранға жүк тиеуші мамандығын игеріп шыққан.

Сонымен бірге шетелдерден жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттың мерзімі бітерден 32 күн бұрын филиал 60 Қазақстан азаматын қарапайым жұмысшы ретінде жұмысқа қабылдаған. Жұмысқа орналасқаннан екі күннен кейін олар “қазір жұмыс болмай тұр” деген сылтаумен үйлеріне жіберілген. “Сөйтіп, аталған 60 жұмысшы рұқсат шартын орындаған кейіп таныту үшін өтірік жұмысқа қабылданған”,- дейді прокуратураның баспасөз қызметі.

Осындай жағдай “Шығыс мұнай және сервистік қызмет көрсету“ ЖШС-нің Ақтаудағы филиалын тексеру барысында да анықталды. Жұмыс күшін тартуға берілген рұқсаттың шартында айтылған қазақстандық қызметкерлерді оқытып дайындау, қайтадан оқыту және кәсіби біліктілігін көтеру жөніндегі жайттардың орындалуын тексеру барысында жергілікті 69 қызметкердің небәрі үшеуі ғана дайындықтан өткені анықталды.

Дәл осындай жағдай “Ұлы қабырға” бұрғылау компаниясы” ЖШС, “Кис/Орион” ЖШС мен “Каскор-СМУ” АҚ-ында да анықталды.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны