13.06.2007, 16:59 2853

Мәжіліс 2007-жылға арналған республикалық бюджетке енгізілетін түзетулерді қарады

АСТАНА. 13-маусым. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "2007-жылға арналған республикалық бюджет туралы" заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Депутаттар бюджет қаржысын таратуға қатысты бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтсақ, мәжілістің қаржы және бюджет жөніндегі комитеті "2007-жылға арналған республикалық бюджетте Білім және ғылым министрлігіне ғылыми-техникалық даму бойынша стратегиялық басымдықтарды айқындау жұмыстарын жүргізу үшін "Самғау" Холдингі" АҚ-ның жарғылық капиталын арттыруға 500 млн теңге, сондай-ақ, грант негізінде бастамалы және тәуекелді зерттеулер мен жобаларды қаржыландыруға 600 млн теңге қарастыруды" ұсынады.

Мәжілістің аграрлық мәселелер жөніндегі комитеті ауылшаруашылығы министрлігіне "Ауыз су" бағдарламасын жүзеге асыруға қосымша 9 млрд теңге, ауылшаруашылығына субсидия ретінде бөлуге 5 млрд. теңге, Астанада Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетінің 9 қабатты студенттер жатақханасын салуға арналған жобалық-сметалық құжаттамаларды қаржыландыруға 24,6 млн теңге қосымша бөлуді ұсынды.

Заңнама және сот-құқықтық реформалар жөніндегі комитеті жергілікті маңызы бар жолдарды ұстауға қосымша 3 млрд теңге бөлуді сұрайды.

Илеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеті бюджетте Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы жөніндегі ғылыми орталықтың жанында 150 орынға есептелген емдеу корпусының құрылысын салуға қосымша 1,2 млрд теңге қарастыруды ұсынды.

Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитеті бюджет тапшылығын қаржыландыру үшін тартылатын шетелдік қарыздардың көлемін төмендетуді ұсынады.

Заң шығару процедурасына сәйкес, республикалық бюджетке енгізілетін түзетулер сенаттың жалпы отырысында да талқыланады. Бұдан кейін заң жобасы парламент палаталарының бірлескен отырысында екі оқылымда қаралады. Парламент депутаттарының бюджеттің кіріс немесе шығыс бөлігін ұлғайту немесе қысқарту жөніндегі барлық ұсыныстары парламенттің қос палатасының депутаттары мен үкімет өкілдерінен құралған біріккен комиссияда талқыланады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2007-жылға арналған республикалық бюджеттің болжамдық тапшылығы Жалпы ішкі өнімнің 1,2 процентіне дейін, немесе 126 млрд теңгеге арттырылып, 271,2 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бюджет түсімдерінің болжамын үкімет 76,5 млрд теңге - 2088,1 млрд теңгеге дейін, немесе ЖІӨ-нің 16,8% көлемінде нақтылады. Ал бюджет шығындарын 2359,2 млрд теңге (ЖІӨ-нің 18%) деңгейінде қалдыру ұйғарылды. Қосымша шығындар мемлекет басшысының "Жаңарған әлемдегі жаңа Қазақстан" атты жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыруға байланысты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны