10.10.2012, 15:02 3207

Мәжіліс әлеуметтік қамсыздандыруға арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Заң жобасын әзірлеу зейнетақымен қамсыздандыру туралы және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы қолданыстағы әлеуметтік заңнамадағы олқылықтарды жою қажеттігімен байланысты болып табылады.

Астана. 10-қазан. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Заң жобасын әзірлеу зейнетақымен қамсыздандыру туралы және міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы қолданыстағы әлеуметтік заңнамадағы олқылықтарды жою қажеттігімен байланысты болып табылады. Бұдан бөлек, құжат зейнеткерлік жастағы адамдарды, міндетті әлеуметтік сақтандыруға жататын адамдарды әлеуметтік қорғауға, түптеп келгенде олардың өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсартуға бағытталған. Бұл ретте жобаның мақсаты орналасқан жері белгісіз бұрынғы қызметкерлердің міндетті зейнетақы жарналары бойынша берешекті өтеуге байланысты проблемаларды шешу, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады.

"Өзгерістердің бір парасы Үкіметтің әртүрлі нормативтік актілердегі құзыреттерді бір бапқа жинақтауды көздейді. Екіншіден, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылардың құқықтарын кеңейту қарастырылады. Ол салушылардың зейнетақы жинақтарындағы сомасы жеткіліксіз болған жағдайда зенетақы аннуитеті шартын жасау үшін өздерінің ерікті және ерікті кәсіби зейнетақымен, сондай-ақ меншікті қаражатымен толтыруды көздейді. Бұған қоса жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысушылардың санаты мен құқықтары да кеңейеді. Жинақтары жеткілікті азаматтарға бірнеше сақтандыру ұйымына зейнетақы аннуитетін сатып алуға, сондай-ақ аннуитетті алу кезінде сақтандыру сыйақысы сомасын 30 пайыз мөлшерінде біржолғы төлем алу құқығы беріледі", - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Ибденов.

Оның айтуынша, заң жобасы бойынша әйелдер ең төменгі зейнетақыдан кем емес мөлшердегі төлемді қамтамасыз ету үшін зейнетақы жинақтары жеткілікті болған шақта және 50 жасқа толғанда зейнетақы аннуитетін сатып алу құқығына иеленеді. Еске салсақ, бұндай құқық қолданыстағы заңнамада 55 жас ретінде қарастырылған болатын.

"Үшіншіден, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың құқықтарын кеңейту көзделеді. Осы мақсатта әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде табысты толық есептеуді қамтамасыз ету үшін қатер туындаған айдың есепке алынуға тиісті кезеңге қосылмауы және әлеуметтік аударымдарды есептеудің ең төменгі объектісі белгіленуі қамтылып, еңбекке жарамсыз күндер санының коэффицентін енгізу арқылы төлемдер мөлшерінің әлеуметтік аударымдарының көлемі мен әлеуметтік қатер ережесіне тікелей байланыстылығын қамтамасыз ету міндеттеледі. Нәтижесінде мемлекеттік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде әлеуметтік әділеттілік сақтау расталады", - дейді министр.

Бұдан бөлек, заң жобасында "Байқоңыр" кешенінде жұмыс істеп жүрген азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету құқықтары да қарастырылады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны