14.06.2006, 12:03 2863

Мәжіліс БАҚ мәселері жөніндегі заң жобасын жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізді

АСТАНА. 14-маусым. Kazakhstan Today. Мәжіліс “БАҚ мәселелері бойынша еліміздің кейбір заңнамаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын бүгінгі жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұл ұсынысты мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің хатшысы Оңалбай Аяшев жария етті. Алайда, Дарья Клебанова, Амангелді Таспихов, Болат Ибішев, Серік Ибдірахманов сынды депутаттар мәжілістің бірқатар комитеттері бұл заң жобасына қатысты өз ұсыныстарын таныстырып үлгерген жоқ дегенді алға тартып, ұсынысқа қарсылық білдірді. “Заң жобасының “”тықпаланып” отырғаны көпе-көрінеу байқалып тұр”,- деді С.Ибдірахманов. Алайда жұмыс тобының төрағасы Ғаділбек Шалахметов бұл уәжге қатысты берген жауабында: “заң жобасына байланысты әңгімелердің көрігін қыздырып жүргендер – журналистік қоғамдастықтағы БАҚ-тарды меншіктенетін белгілі бір топтар ғана”, деп атап өтті. “Түзетулер түбегейлі емес. Тұжырымдамалық тұрғыда алғашқы оқылымда талқылауға бұл жоба дайын”,- деді Ғ.Шалахметов.

Заң жобасын жалпы отырыстың күн тәртібіне енгізу жөнінде 59 депутат дауыс берсе, 8 депутат қарсы болды.

Заң жобасы 7-маусымда мәжілістің қарауына қабылданғаны мәлім. Мәжілістің қаулысымен бұл заң жобасына қатысты қорытынды 20-қазанға дейін дайын болуға тиіс. Заң жобасы бойынша 9,12 және 13-маусымда жұмыс тобының үш отырысы өтті.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны