16.04.2009, 15:16 2825

Мәжіліс депутаттары Интернет-ресурстарды БАҚ-пен теңестіру жөніндегі норма бойынша үкіметтің қорытындысын алуды ұсынады

Мәжіліс депутаттары Интернет-ресурстарды БАҚ-пен теңестіру жөніндегі норма бойынша үкіметтің қорытындысын алуды ұсынады

Астана. 16 сәуір. "Қазақстан Бүгін" - Мәжіліс депутаттары Интернет-ресурстарды БАҚ-пен теңестіру жөніндегі норма бойынша үкіметтің қорытындысын алуды ұсынады. Бұл туралы бүгін "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, мәжіліс депутаты Мейрам Пішенбаев түзетулердің талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырысында мәлім етті, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Бұл нормаға қатысты пікірталастар туындауына байланысты осы бап бойынша ресми қорытынды беруді үкіметтен сұрауды ұсынамыз", - деді М. Пішенбаев.

Құжатты талқылау барысында бірқатар сарапшылар жобаны ұсынушылар тарапынан өрескел кемшіліктер жіберіліп отырғанын айтты. Атап айтқанда, жоба авторларының Интернет-ресурстарды "БАҚ туралы" заңмен реттеу әрекеті біршама түсінбеушілік туғызады. "Мәселен, портал, форум, блог, чат секілді ресурстар Интернет -ресурсына жататынына күмән жоқ. Бірақ, заң жобасы арқылы осындай ресурстардың барлығын бұқаралық ақпарат құралдарымен теңестіру шаралары алаңдатады. Осы тұрғыдан алғанда, барлық Интернет-ресурстарға БАҚ мәртебесін беруден бас тарту қажет. Сондай-ақ, ең алдымен қандай Интернет-ресурстар БАҚ-қа жататыны, ал қандай ресурстар жатпайтыны нақты өлшемдермен, ұғымдармен анықталуы тиіс", делінген тәуелсіз сарапшылардың ұсынысында.

"Біздің қоғам ақпаратты ешбір кедергісіз алуға құқылы. Егер біз осы норманы қабылдайтын болсақ, халық Қазақстан Интернетінен "қашып кететіні" күмәнсіз", -деді Халықаралық сөз бостандығын қорғау жөніндегі "Иділ сөз" қорының президенті Тамара Калеева.

Ал Қазақстанның журналистері одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдау өткізуді ұсынады.

"Бұл мәселе ауқымды резонанс тудырғандықтан, біз аталған заң жобасы бойынша ЕҚЫҰ сарапшыларын қатыстыра отырып, қоғамдық тыңдау өткізуді ұсынамыз. Егер парламентте ақша жоқ болса, оны ұйымдастыру және қаржыландыру мәселесін өз мойнымызға алуға мүмкіндігіміз бар", - деді С. Матаев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны