08.11.2006, 19:10 4741

Мәжіліс Экологиялық кодекстің жобасын екінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 8-қараша. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Экологиялық кодекстің жобасы мен онымен сабақтас "Экология мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында жұмыс тобы кодексті бірінші оқылымда талқылау барысында депутаттар тарапынан айтылған ұсыныстар мен қосымша келіп түскен жазбаша ұсыныстарды мұқият зерттеді",- деді жұмыс тобының жетекшісі Владимир Нехорошев заң жобасын депутатарғ атаныстыру барысында.

Атап айтсақ, В.Нехорошевтің айтуынша, жұмыс тобы экологиялық ақпараттарға қол жеткізу мүмкіндігі мен ұлттық экологиялық атлас жасау жөніндегі ұсыныстарды қабылдады. "Жергілікті атқарушы билік органдарының қоршаған ортаны ластаушы кәсіпорындарға ықпалын күшейту жөніндегі норма қабылданды. Соған сәйкес мәслихаттар ауа, су және топырақтағы ластаушы заттардың сол аумақта қолайлы концентрациясын бекіте алады",- деді депутат.

Сонымен бірге қалдықтарды сақтау мерзімін шектеуді ынталандыратын нормалар енгізу жөніндегі ұсыныс та қабылданды, деді В.Нехорошев. Оның ақпаратына сәйкес, бұл ұсыныста "қоршаған ортаға эмиссия жасағаны үшін ақы төлеу, қалдықтың түзілгені үшін емес, оны орналастырғаны үшін төлем алу" көзделген.

"Жеке кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдайлар жасау, оларды өндірістегі экологиялық бағдарламаларды адалдықпен орындауға ынталандыру және оларға экологиялық заңнаманы бұзуға жол бермеу үшін осындай кәсіпорындарға инспектордың тексерулерін жүргізу жиілігі үш жылда бір ретке дейін қысқартылды". "Сонымен бірге бюрократиялық тосқауылдарды азайту үшін жобалық құжаттарға мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының әсерін құрылыс жұмыстарының басталған-басталмағанына қарамастан, берілген күннен бастап бес жылға дейін ұзартылды", делінген мәжіліс комитетінің қорытындысында.

Заң жобасын таныстырған еліміздің қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов алғашқы оқылымда қарау барысында : "кодекстің жобасында қоршаған ортаны қорғау тетіктерін жетілдіруге қажетті барлық нормалар енгізілген",- деген.

Экологиялық кодекс қабылданғаннан кейін "Қоршаған ортаны қорғау туралы", "Экологиялық сараптама туралы", "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" заңдар мен 80-ге жуық заңға бағынышты актілер күшін жояды.

"Экологиялық кодекс қоршаған ортаның құрамды бөліктері ретінде табиғи ресурстарды қорғаудың біртұтас экожүйелік принциптерін белгілейді және қоршаған ортаны қорғауды экономикалық реттеуді кешенді әрі жүйелі реформалауды қарастырады",- делінген үкіметтің заң жобасына берген түсініктемесінде. Мәселен, кодекске экономикалық реттеудің мынадай түрлері енгізілген: қоршаған ортаны қорғау саласындағы шараларды жоспарлау мен қаржыландыру; арнаулы табиғат пайдаланғаны үшін төленетін салықтар мен алымдар; қоршаған ортаға келтірілген шығынды экономикалық тұрғыда бағалау; қоршаған ортаны қорғауды экономикалық тұрғыда ынталандыру; экологиялық сақтандыру т.б.

"Экология мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының мақсаты - Экологиялық кодекстің ережелерін жүзеге асыру үшін 14 заңнамалық актіге түзетулер енгізу.

Заң жобалары сенатқа жіберілді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны