04.10.2006, 14:46 3070

Мәжіліс ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің азаматтарының визасыз жүріп-тұруы туралы келісімге қосымша хаттаманы бекітуді мақұлдады

АСТАНА. 4-қазан. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан үкіметтері арасындағы азаматтардың визасыз жүріп-тұруы туралы 2000-жылдың 30-қарашасындағы келісімге қосымша хаттаманы бекіту туралы" заңның жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Хаттама шарттарына сәйкес, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер арасында визасыз қатынау тәртібі сақталған жағдайда қоғамдастық елдерінің аумағында азаматтардың қатынауына қажетті құжаттардың біртұтас тізімі енгізілмекші"- делінген мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің қорытындысында.

Мәселен, азаматтықты растайтын және жеке басты куәландыратын құжаттарға төлқұжат, шетелдік төлқұжат, қызмет бабындағы және дипломатиялық төлқұжаттар, теңізші төлқұжаты (теңізшінің ұлттық жеке куәлігі) мен азаматтығы бар елге қайтуға берілетін куәлік (құжат шетелде жоғалып кеткен жағдайда беріледі) жатады.

Хаттама Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан үкіметтері арасындағы 2001-жылдың 6-желтоқсанындағы азаматтардың визасыз жүріп-тұруы туралы келісімнің ажырамас бір бөлігі болып табылады.

Келісімге қосымша хаттамаға 2005-жылдың 24-наурызында Астанада ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің отырысы барысында қол қойылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны