16.06.2010, 14:48 3830

Мәжіліс ғарыш қызметі саласындағы келісімді ратификациялауды мақұлдады

Оның айтуынша, жүзеге асыруы жобаланған ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені Қазақстанда ғарыш аппараттары өндірісін ұйымдастыруға негіз болады. Сондай-ақ келісім озық жобаларды іске асыру шеңберінде практикалық тәжірибесі бар мамандарды шетелдік компанияларда даярлауға, ғарыштық техниканы жасау және пайдаланудың заманауи технологияларын енгізуге, сонымен бірге ғарыш қызметінің әлемдік нарығына кіруге мүмкіндіктер ашады.

Астана. 16-маусым. Kazakhstan Today - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесі мен ғарыш аппараттарының құрастыру-сынау кешенін құру және пайдалану шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады., деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі.

Аталған келісімнің мақсаты Қазақстан Республикасының жоғары шешімді ғарыш аппаратымен Жерді қашықтықтан зондтаудың ғарыш жүйесін, сондай-ақ ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін беру және пайдалану кезінде Тараптар ынтымақтастығының негізгі қағидаттарын және шарттарын айқындау болып табылады.
"Аталған ғарыштық жүйе әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін және қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздікті нығайту жолдарын шешуге арналып отыр. Бұл ретте әлеуметтік-экономикалық мәселелерге - ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, қоршаған ортаны қорғау, жерді пайдалану, картография секілді шараларды жүзеге асыру жатады. Ғарыштық ақпарат экономиканың әртүрлі саласындағы шаруашылық қызметінің негізгі түрлеріне объективті, тәуелсіз және мемлекеттік бақылау орнатуға мүмкіндік береді", деп мәлім заң жобасын баяндаған ҚР Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков.

Оның айтуынша, жүзеге асыруы жобаланған ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені Қазақстанда ғарыш аппараттары өндірісін ұйымдастыруға негіз болады. Сондай-ақ келісім озық жобаларды іске асыру шеңберінде практикалық тәжірибесі бар мамандарды шетелдік компанияларда даярлауға, ғарыштық техниканы жасау және пайдаланудың заманауи технологияларын енгізуге, сонымен бірге ғарыш қызметінің әлемдік нарығына кіруге мүмкіндіктер ашады.

"Келісім екі мақсатта пайдалануға болатын, яғни қорғаныс мәселелерін шешуге де мүмкіндік беретін ғарыш аппараттарын Қазақстанға әкелуге экспорттық лицензия беруді де қамтамасыз етеді", деді М. Молдабеков.
Осы келісімнің негізінде ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенін құру үшін Қазақстанда әртүрлі мақсаттағы ғарыш аппараттарын жобалауға, жинақтауға, жинауға және сынауға мүмкіндік беретін жоғары бәсекеге қабілетті өндіріс ашылатын болады.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан мен Француз үкіметінің арасындағы келісім шартқа 2009 жылдың 6 қазанында қол қойылғанболатын.

Сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" кешенінде болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады.

Екі ел арасындағы келісімнің мәні Қазақстан Республикасының азаматтары мен РФ азаматтары - ғарыш айлағы персоналының, Байқоңыр қаласы тұрғындарының, лауазымды адамдардың, БАҚ өкілдерінің, делегациялардың, туристердің, қалаға жеке шаруаларымен келетін адамдардың, сондай-ақ шетел азаматтарының "Байқоңыр" кешеніне бару тәртібін айқындау болып табылады.

"Келісімде шет ел азаматтарының өтінімдерін қарау мерзімі бұрынғы қалпында - 45 күн болып қалса, Қазақстан азаматтарының өтінімін қарау мерзімі 5 күнге дейін қысқартылды. Осылайша, келісімнің күшіне енуі Қазақстан азаматтарының "Байқоңыр" кешеніне баруына рұқсат беру мәселесін неғұрлым жедел шешуге мүмкіндік береді", деді М. Молдабеков.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны