01.11.2006, 12:37 2799

Мәжіліс Қазақстан мен СПИД-пен күрес жөніндегі жобаны басқарушы аймақтық топ арасындағы келісімді бекітуді мақұлдады

АСТАНА. 1-қараша. Kazakhstan Today. Бүгін өткен мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Қазақстан үкіметі мен Орталық Азиядағы СПИД-пен күрес жөніндегі жобаны басқарушы аймақтық топ арасындағы келісімді бекітуді мақұлдады, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Осы орайда естеріңізге сала кетсек, Орталық Азиядағы СПИД-пен күрес жөніндегі жобаны басқарушы аймақтық топ 2005-жылдың 6-қазанында "Орталық Азиялық ынтымақтастық" ұйымына мүше елдердің мемлекет басшыларының шешімімен құрылған. Топтың басты іс-қызметі Орталық Азиядағы ВИЧ/СПИД індеттерін қадағалау жөніндегі аймақтық жобаны жүзеге асыру болып табылады. Оны Илемдік банк пен Ұлыбританияның халықаралық даму департаменті қаржыландырады.

Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің қорытындысында атап көрсетілгеніндей, мемлекет басшыларының шешімімен Орталық Азиядағы СПИД-пен күрес жөніндегі жобаны басқарушы аймақтық топ Алматы қаласында орналасады. "Сол себепті келісімнің мақсаты топтың құқықтық мәртебесін айқындауға саяды".

"Орталық Азиядағы СПИД-пен күрес жөніндегі жобаны басқарушы аймақтық топ туралы келісімнің 4-бабына сәйкес, оның активтері, кірістері, топ ресми түрде пайдаланатын тауарлары мен жобаны жүзеге асыруға арналған грант қаржы-қаражаты барлық салық түрлерінен, кедендік алымдар мен баж салықтарынан босатылады",- делінген қорытындыда.

Келісімнің ережелеріне сәйкес, Орталық Азиядағы СПИД-пен күрес жөніндегі жобаны басқарушы аймақтық топтың қызметкерлері келіп жұмыс істеген елінің аумағында жалақы мен жоба аясында төленетін басқа да сыйақылардан алынатын салықтардан босатылады. Сонымен бірге топтың қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері "иммиграциялық шектеулер мен шетелдіктер ретінде тіркелуден" босатылады.

Келісімге 2006-жылдың 5-қыркүйегінде қол қойылған.

Заң жобасы сенаттың талқысына ұсынылды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны